СПОРТШЫЛАРМЫЗ 581 АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биыл Шымкент қаласының спортшылары елімізде өткізілген чемпионаттарға қатысып,  1 мың 415 медаль жеңіп алды. Оның 491-і алтын, 454-і күміс және 470-і қола медальға ие болды. Бұл туралы Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев брифинг барысында айтты.

Жоғары спорттық жетістіктерге тоқталған басқарма басшысы сондай-ақ шымкенттік спортшылардың қоржынында Азия чемпионаттарының 59 алтын, 34 күміс және 52 қола медалі бар екенін айтты.  Мұнан бөлек жыл басынан бері спортшыларымыздың әлем чемпионаттарында 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медальға ие болғанын мақтанышпен жеткізді.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 орынды иеленген 70 киллограмм салмақтағы Рсалы Сабыржанға қала әкімі 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.

– Бұдан басқа, биылғы жылдың 12-23 мамыр күндері аралығында Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік гимназияда ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде қаламыздың қоржынына 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль әкелді.

Ал, 13-15 мамыр күндері Испанияның  Мальграт-де-Мар қаласында өткен Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алса, АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына 3 спортшы қатысып, Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадиловтар 7-ші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде спортшыларымыз 5 алтын, 4 қола медаль жеңіп алды,-деді басқарма басшысы.

2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Шымкент қаласында 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 38 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 216 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 324 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Олардың ішінен Қазақстан Республикасының ұлттық командасының ересектер құрамасына 416, жастар құрамасына 268, жасөспірімдер құрамасына 201 спортшымыз еніп отыр.

Жалпы, бүгінгі таңда  Шымкент қаласында 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, қалған 5-і мемлекеттік жекеменшік-әріптестігі аясында іске қосылған. Спорт ұйымдарында 17 мың 944 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Оларға  штаттағы 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Осы мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның ішінде, 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар.