СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының спортшылары қыркүйектің 7-9 аралығында Алматы қаласында жеңіл атлетикадан өткен ел чемпионатынан олжалы оралды. Жасөспірімдердің арасында өткен байрақты бәсекеге еліміздің 20 аймағынан 600 спортшы қатысып, әр жас бойынша бақ сынасқан болатын.

Жүлдемен оралған спортшыларымыздың бірі Мерей Әлібек. Ол кедергілер қойылған 2 мың метр қашықтықты 8 минут 17 секундта жүгіріп өткен. Осы нәтижемен қола жүлдеге ие болды. Алғаш рет үлкен сайысқа шыққан жасөспірім бұл көрсеткіш алдағы халықаралық жарыстарға серпін болатынын айтады.

– Мен үшін бұл жақсы нәтиже. Ата анамның қамқорлығы, жаттықтырушы жұмысының жемісі. Өзім де аз тер төккен жоқпын. Енді жеке рекорд орнату ойымда бар. Сол мақсатта жаттығуымды одан әрі үдететін боламын,-дейді Мерей Әлібек

Мерейі үстем болғандарды спорт басқармасының өкілдері құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады. Басқарма басшысы орынбасары Ермек Дәрменовтың айтуынша 20 жылға жуық уақытта Шымкент қаласы спортшылары  жеңіл атлетикадан мұндай нәтиже көрсетпеген.

-2006 жылдан бері спортшыларымыз жеңіл атлетикадан мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. Бұл оқу жаттығу жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуі, спортшыларымыздың  арнайы киімдермен толық қамтамасыз етілуінің арқасы деп ойлаймын. Алда әлем чемпионаттары бар. Спортшыларымыз сол жерде де биік белестерді бағындырады деген сенім бар,-деді ол.   

Жалпы, республикалық чемпионатта 34 команда бақ сынасты. Тыңғылықты дайындық пен уақытылы жаттығу жұмыстарының арқасында қоржынға 11 алтын, 7 күміс, 13 қола медаль түсті. Әр аймақтың кіл мықтылары қатысқан додада командалық есепте кіші жасөспірімдер тамаша нәтиже көрсетіп 1 орынға ие болса, ересек жасөспірімдер қола жүлдені қанжығаларына байлады.

Айта кетейік, сайыс ұзындыққа секіру, ядро лақтыру, спорттық жүру, найза лақтыру, биіктікке секіру, қашықтыққа жүгіру секілді спорт түрлерінен өтті.