СПОРТ НЫСАНДАРЫ МЕН БІЛІМ ҰЯЛАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Шымкент қаласында бұқаралық спорттың дамуына және спорт нысандарының көптеп салынуына ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта биыл шаһарда 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – «Бозарық-3» шағын ауданында салынып жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты.
Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта – ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медициналық пункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта әмбебап спортзал, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Спорт мектебінің құрылысы 2023 жылы аяқталады.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласында негізгі 4 бағыт белгіленген. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 2022 жылы 396 мың 336 адамға жеткізу жоспарланған.
Мегаполисте сондай-ақ, «Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде.
Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін биыл 51 пайызға (39 243 шаршы метр) жеткізу межеленген. Бүгінде жоспар 51,2 пайызға (39 513 шаршы метр) орындалды.
Сонымен қатар, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды (1861 адам), жастарды спортпен қамту (14-18 жас) нақты 45 мың 940 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды.
Сонымен қатар, биыл Шымкент қаласында білім беру нысандарының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Қалалық құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 мың 600 оқушыға арналған 11 білім ұясының ғимараты салынуда. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар биылғы жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Қазір балалар осында білім алып жатыр. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Ал қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде мегапоистегі білім беру саласының материалдық техникалық жағдайы жақсарып, жас ұрпақтың білім алуына қолайлы жағдай жасалатын болады.