СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР – ТЕГІН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет ашылды. Жаңадан ашылған кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан  және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың  ауыз қуысы мен тісін  арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. «Асар» мөлтек ауданындағы  балалар ауруханасында ашылған стоматалогиялық кабинетте науқастар тегін қабылдайды. Ол үшін жергілікті емханадан пациенттің жолдамасы қажет.

Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, бір жерден ем-дом тағайындалады.

Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтылған.

Жалпы, Шымкент қалалық тіс емханасы 2021 жылдың 2 қарашасынан бастап жауапкершілі шектеулі серіктес болып құрылып, жұмысын жалғастыруда. Мұнда ақылы қызметтермен қоса бұрынғы медициналық қызметтің барлығы көрсетіліп, науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі бойынша қабылданады. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің тісін емдеу мен жұлуға қатысты қызмет тегін көрсетіледі. «Шымкент қалалық стоматологиялық емхана» ЖШС бас дәрігері Гүлбахар Рузденова:

– МӘМС туралы заң бойынша балаларға, жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеміз. Олар жоспарлы стоматологиялық қызмет көрсетілетін санатқа жатады. Яғни, ортодонтиялық қызметтен басқа тіс емдеу, жұлу сияқты барлық жоспарлы қызмет ақысыз көрсетіледі. Сонымен қоса, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетілетін санаттар бар. Балалар мен жүкті әйелдерге қоса ҰОС ардагерлері, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурумен және айналасындағыларға қауіп төндіретін дертпен ауыратын науқастар, мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасаушы жұмыс істемейтін тұлғалар мен бала кезден І топ мүгедегіне күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға шұғыл қызмет тегін көрсетіледі. Яғни, диагнозына байланысты тістің ісіп, іріңдеп кетуі, ұлпаның қабыну секілді шұғыл жағдайда бір тісіне тегін қызмет көрсетіледі. Қалған қызметтер және сол санаттарға жатпайтын азаматтар үшін қызмет көрсету – ақылы. Мұны көп адам түсінбей жатады. Көп балалы аналар келеді, бірақ, алқалармен марапатталмаған. Сонымен қоса осы тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алып, келесі тоқсанда, табысына байланысты АӘК алмайтын отбасылар да тегін қызмет ала алмайды. Бұл – біздің мекеменің ережесі емес, жоғарыда айтылғандай, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген тәртіп. Осыған назар аударуларыңызды сұраймыз, – дейді