СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында биылғы қала күні мерекесі жастарды да қуанышқа бөледі. Мегаполисте  студенттер үшін жатақхана салынды.  290 орынға лайықталған заманауи студенттер үйі академик Әбдімұса  Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетіне тиесілі. Салтанатты шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, университет басшылығы мен жастарға құтты болсын айтты.

Білім қуған жастарды жатақханамен қамту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті бұл міндетті орындап, өзгелерге үлгі болатын  іс көрсетті.  6 қабатты ғимарат оқу ордасының өз қаржысына салынған. Аумағы 10 мың шаршы метр болатын жатақханада студенттер үшін барлық жағдай жасалған. 81 жатын бөлменің әрқайсысына екі адам еркін жайғасады.  Ғимаратта лифт жұмыс істейді. Студенттер үйінде жастардың  тынығып демалуына барлық жағдай  бар.  Оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт пен ас бөлмесі де қажетті құралдармен жабдықталған.  Мұнан бөлек екі жаттығу залында жастар спорттың бірнеше түрімен шұғылдана алады. Студенттер үйінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалып отыр. Ғимаратта студенттер үшін тегін Wi-fi жұмыс істейді, қолжетімді интернет ресурстармен қамтылған. Қауіпсіздік үшін бейнеқондырғылар да орнатылды.

Академик Әбдімұса  Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінде бүгінгі таңда  85 мыңнан аса студент білім алады. Енді жатын орынға мұқтаж жастар  пәтер жағалап, артық шығынданбайтын болды.

Жалпы, Шымкент қаласында бүгінгі таңда  8 жоғары оқу орны бар. Онда 85 мыңнан астам студент оқиды. Бұған дейін жастар жылы аясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 350 орынға лайықталған замануи студенттер үйі бой түзеген болатын.  Алдағыжылдары  Шымкенттегі барлық оқу орындарының студенттері жатақханадан жайлы орын алмақ. Ол үшін 8 гектар жер телімі бөлініп, әлеуметтік кәсіпкерлік  корпорациясының инвестициясына 5  мың орынға лайықталған  жатақхана  салынады. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медицина акадеииясы және жеке кәсіпкерлер есебінен тағы 1 мың жасқа арналып, студенттер үйі соғылады.