«СӘУЛЕДЕГІ» ОҢДЫ ІСТЕР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы «Сәуле» шағын ауданы берітінге дейін әлеуметтік мұқтаждықтары шешілмеген, инфрақұрылым жүйелері жетімсіз аймақтар санатында болып келді. Жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде «Сәуле» шағын ауданы мен 195 орамға ауыз су, электр жарығы және табиғи газ жүйесі толық тартылды. Бүгінгі таңда халық кейіннен қоныстанған 276 орамды көгілдір отынмен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, биыл басталған құрылыс жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көрмек. Аймақ басшысының тұрғындармен кездесуінде орамдағы ирригациялық жүйелерді жақсартуды,  жаңа жол құрылысы, ойын және спорт алаңшасын орнату, көшелерді жарықтандыру, камера орнатуды сұрады. Тұрғындардың өтінішін тыңғылықты тыңдаған аудан әкімі:

–Шағын ауданда су басу қауіпі бар көшелерге ирригациялық арық салу жұмысы осы жылдың тамызында басталып, жыл соңына дейін іске қосылады. Балалардың ойын және спорт алаңшасын орнату жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілген. Бүгінгі кездесуде айтылған әрбір тұрғынның мәселесі мен ұсынысы хаттамаға түсіріліп, орындалуы жіті бақылауда болады,-деді.

Әл-Фараби ауданы аумағының басым бөлігі қала орталығында орналасқандықтан инфрақұрылым жүйелерімен қамту көрсеткіші 99,7 пайызды құрап отыр. Қазір халық санының өсуіне байланысты шағын ауданның жаңа құрылыс аймағына ауыз су, электр қуаты, табиғи газ және жол құрылысы қарқын алған. Таяуда «Сәуле» шағын ауданындағы «Жаңабазар» көшесіне су құбыры тартылып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде 40-тан астам отбасы таза ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Енді бірер күнде 276 орамға сапалы электр желісін тарту құрылысы аяқталды. Қазір абоненттеу жұмыстары атқарылуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, қазір Әл-Фараби ауданында тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру  жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда, жуырда Шолохов көшесінде кәріз жүйесі пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 87 пайызы  кәріз жүйесін пайдаланып, бұрынғыдай нәжіс пен шайынды суды далаға төкпейтін болды. Жыл соңына дейін аймақтағы  Хлопзавод көшесінде де құрылыс жұмысы аяқталып, кәріз жүйесі іске  қосылады.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 28 балалар ойын алаңшасы орнатылған. Жыл соңына дейін осы жоба аясында тағы 22 балалар ойын алаңшасы жасақталады. Одан бөлек, 9 спорт алаңшасы салынып, 9 спорт алаң ағымдағы жөндеуден өтеді.