ТІЛ – ТІРЕГІМ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

«Қазақстан халқы тілдері күніне» орай, Шымкент қаласында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп аталатын форум өтті. Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған форум ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тақырыбына арналды.  Басқосуға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы Әзімхан Исабек модераторлық етті.

Тіл – әрбір ұлттың негізі және  ажырамас бөлігі. Сондықтан тіл мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесіне сай, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар тағы басқа салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет. Бұл мәселеге Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық оратылығының атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы айырықша тоқталды.

– «Тіл-қазына» орталығы тіл ғылымының дамуына, сонымен қатар тілдік қолданыс аясын кеңейтудің әдіс-тәсілдері мен технологияларын меңгеруге кең көлемде қызмет етіп келе жатқан бірден-бір орталық деуге болады. Атап айту керек, биыл Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына орай, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жуырда орталық алғаш рет А.Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалар жинағын ағылшын, түрік, орыс тілдеріне аударып, баспадан шығарды.  Сондай-ақ, еліміздің түкпір түкпіріне ат басын бұратын «Ахаң жүріп өткен жол» экспедиясы өз жұмысын бастады.  «Тіл –қазына» орталығының қолданбалы «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметі, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайты туралы мәліметтеріне қанығуға болады. Сондықтан, қазақ тілін өзіміз қажет етпесек, өзіміз қолдану аясын кеңейтпесек, тұрмыста, жұмыста пайдаланбасақ өзгелерге бірдеңе деу артық сияқты. Қазір қазақ тілінде қандай мәлімет, ақпарат керек болса бәрі де қолжетімді. Ал жоқ дейтін адамды тілді үйренуге, меңгеруге құлқы жоқ деп түсіну керек, –  деді Лиза Есбосынова.

Бұдан кейін сөз алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, жазушы ғалым Құлбек Ергөбек тілдің мәні мен маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Әбенова тіл мәселесі мен тілдік орта жайлы мазмұнды баяндама жасады.

Шара барысында мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар тіл жанашыры ретінде Алғыс хаттармен марапатталды.