ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТІ САҚТАМАҒАНДАРҒА ШАРА ҚАТАҢ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Стандарттардың абыройын қалпына келтіріп, техникалық регламент талаптарын қатаң сақтау қажет. Өнім сапасы бәсекеге қабілетті болуы керек». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке осындай тапсырма жүктеді.  Осыған сәйкес, былтыр «Техникалық реттеу туралы» Заң күшіне енген болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да ширай түсті. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлері биылғы мамыр-шілде айлары аралығында, Шымкент қаласы прокуратурасымен бірлесіп, қала аумағындағы медициналық мекемелерге метрологиялық талаптардың сақталуына байланысты тексеру жүргізді.  Нәтижесінде 20 мекеменің 19-нан заң бұзушылықтар табылды. Соның ішінде 11 медициналық мекеменің жауапты және лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан жалпы сомасы 3 миллион 874 мың 695 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Бүгінгі таңда департамент мамандары қалалық прокуратураның өкілдерімен Шымкент қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының соңғы 10 жыл аралығында атқарған жұмыстарына кезектен тыс бақылау жүргізуде. Оның нәтижелері алдағы айларда белгілі болмақ.

Жалпы, Шымкент қаласында 2 сәйкестікті растау органы, 48 сынақ зертханасы, 22 салыстырып тексеру зертханасы, 3 калибрлеу зертханасы, 3 медициналық зертхана жұмысын атқаруда. Олардың барлығы мемлекеттік емес аккредиттелген органдар тізіміне енеді және ҚР Ұлттық аккредиттеу орталығынан тиісті аттестат алған ұйымдар.

– Биылғы жылдың 8 ай мерзімінде департаментке 25 өтініш тіркелген болса, олардың барлығы қолданыстағы заңдылықтар аясында қаралып, тиісті жауаптар берілді. Солардың ішінен  кейбір арыздардың мағынасына көңіл бөлгім келеді. Қазіргі күнде сапасы өте төмен, контрафакті өнімдердің сауда сөрелерінде жиі кездесетіні жасырын емес. Атап айтқанда, автохимия өнімдерінің ішінен тосол, антифриз секілді өнімдері автокөлік иелерінің наразылығын тудыруда. Бірақ, оларды қазіргі күндегі шағын бизнес өкілдеріне тексеруді шектеуге байланысты,  яғни мораторий талаптарына сәйкес тексеру мүмкін емес. Бірақ, жеке және заңды тұлғалардың арызы негізінде жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда», -деді  департамент басшысы Бастарбек Есқараев.