ТЕХНИКАНЫҢ ТІЛІМЕН ӘДЕБИЕТТІ, МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Технологияның жетістіктерін пайдалана отырып, QR-код негізінде тарихи-танымдық ақпарат беретін орталықты жабдықтап шықтық. Яғни, тек техниканың тілін меңгеріп ғана қоймай, оны мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытып, тарихымызды дәріптеу мақсатында қолдана білуіміз шарт. Шымкент қаласындағы ОҚМУ-де өткен басқасуда физика-математика факультетінің деканы Ақмарал Ибашева оқу орнындағы осындай жаңалықпен бөлісті.

– STEM-оқытудың біріктірілген тәсілі. Мұндай тәсілдің мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEM-сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекеге ықпал ететін нық байланыстарды орнату. Бүгінде физика-математика факультеті ғана емес, бүтін оқу орны бұл салаға ерекше мән беріп отыр. Біз жыл сайын қолымыздағы бар дүниелерді пайдалана отырып, түрлі құрылғылар ойластырып жүрген студенттеріміз үшін көрме ұйымдастырамыз, – деді А.Ибашева.

«Университеттердің білім беру бағдарламаларында STEM пәндерін ілгерілету» тақырыбында кездесуге бастамашы болған «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалы. Жиынды жүргізген  ОҚМПУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев аталған бастаманың ҚР Президенті Жолдауы аясында жүзеге асып отырғанын айтты.

– STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) –  ғылым, технологиялар, инженерия және математика ұғымын білдіреді. STEM негізінде бұл түсініктің жаңа нұсқалары пайда болды, солардың ішінде кең таралғаны STEAM  және STREM. STEAM-да өнер саласы,  STREAM-да робототехника бағыты қосылып тұр.  Қазіргі уақытта STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі болып табылады. Бұл ұғымның маңызы —білім-ғылымды өмірде, өндірісте ұштастыра білумен құнды,- деп түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы білім-ғылым мәселесіне «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілі Бақтыбай Әлипов кеңінен түсіндіріп берді .

Мемлекет басшысы әр Жолдауында жастар мәселесі, білім-ғылым саласына айрықша мән береді. Биылғы жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дей келе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тиянақты жүзеге асыруды міндеттеді.

Өздеріңіз білесіздер, бала туу көрсеткіші жоғары  Шымкен қаласында апатты мектеп жоқ. Қазір 3 ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ  ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылығын азайту мақсатында да іргелі істер атқарылуда. Оны жүзеге асыратын сіздерсіз, – деп қорытты сөзін спикер.

Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласты.