ТУРИСТЕР САНЫ 149 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Өткен жылы Шымкент қаласына 316 мың 832 адам туристік сапармен немесе саяхаттап келген. Бұл 2020 жылдың қорытындысындағы статистикамен салыстырғанда  148,5 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Яғни, 2020 жылы мегаполисті тамашалуға  213 мың  394 адам келген.

Соның ішінде, Қазақстанның 300 мыңнан астам тұрғыны мен шетелдің 14 мыңнан астам азаматы Шымкент қаласына саяхаттау, іскерлік, кәсіптік, сондай-ақ жеке мақсатта сапарлаған.  Келген  туристердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Франция, Германия, Италия және АҚШ азаматтары.

Шымкент қаласы өткен жылдың қорытындысымен еліміз бойынша  туристер санымен (резиденттер) 6-орынға жайғасқан. Ал, оның ішінде келуші шетелдік азаматтар (резидент еместер) бойынша 3-орынға көтерілді.

Туристер үшін Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы тарапынан жыл ішінде 153 экскурсия ұйымдастырылған. Гидтер орталық тарапынан экскурсияларды ақысыз жүргізеді және келушінің қажеттілігіне байланысты бірнеше тілде ақпарат береді.

Айта кетейік, былтыр туризм саласы бойынша туроператорлар, турагенттер және өзге де ұйымдардың қызметін қосқанда 1300-ге жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Биыл да Шымкентте құрылысы жүріп жатқан және кезегімен ашылып жатқан қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Жалпы, қазіргі таңда үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде. Ал, тартылған инвестиция көлемі  52,6 млрд.теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда  «Kazakh tourism» АҚ-ы Шымкент қаласының қонақ үйлеріне «e-qonaq» жүйесін орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі дейін Шымкент қаласының 76 орналастыру орнына аталған жүйе енгізілген. Ол жүйе көші-қон полициясына барып, уақыт жоғалтпай, тоқтаған қонақ үйде тіркеуден өтуге мүмкіндік береді.

 

OpenKZ-АҚПАРАТ