ТҮРКІСТАНДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНА КЕЛЕСТІКТЕР ДЕ ҚАТЫСТЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданындағы мемлекеттік қызметкерлер облыс орталығы Түркістан шаһарына арнайы барып, сенбілік жұмыстарын жүргізді. Бұл іске білек сыбана кіріскен мемлекеттік қызметкерлер қала көшелерін күл-қоқыстан тазартты.

Күз келіп, жапырақтары түсе бастаған ағаштардың түбін қопсытты. Тынығу орындары мен демалыс аймақтарының айналасында абаттандыру жұмыстарын жасады.

Жалпы, абаттандыру ісін жүйелі әрі тыңғылықты жүргізу үшін Түркістан қаласының аумағы 32 секторға бөлінген. Әр секторға бір аудан яки қала әкімдіктері, немесе басқармалар жауапты ретінде бекітілген. Соның ішінде 16-сектор Келес ауданының жауапкершілігінде.

Қазіргі таңда ағаштарды өсіріп-баптау, суару үшін №16-сектор аумағынан 4 су ұңғымасы қазылып, 2 электр трансформаторы орнатылған. Отырғызылған ағаштар тамшылатып суару жүйесі бойынша тамырына нәр алады. Тамшылатып суару үшін 8,7 шақырым полиэтилен құбыры тартылып, автомобиль жолдарының астынан көлденең бұрғылап өту тәсілі арқылы су жүйесі жүргізілген.

Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру ісіне Келес ауданы коммуналдық шаруашылығы мекемесінен күнделікті санитарлық тазалық жұмыстарына 2 техника мен 45 адам жұмылдырылып отыр. Олар күнделікті жоспарға сай жұмыс атқарады.