ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Көп жағдайда жұртшылық тұрғын үй көмегін өзге жеңілдіктермен шатастырып жатады. Ақиқатында, тұрғын үй көмегі – коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге, тұрғын үйді ұстауға, сондай-ақ, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін кондоминиумның ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалған ақшалай қаражатты мемлекеттің өтеуі болып табылады. Басқаша айтқанда, егер үйдің шатырын, жылу, сумен жабдықтау жүйесін жөндеуге және өзге де шаруашылыққа ақша жиналса, қамқорлықты қажет ететін жанға жарнасы қайтарылуы мүмкін.

Ал, тұрғын үй әлеуметтік көмегі дегеніміз не?

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие  негізінде «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй әлеуметтік көмегі дегеніміз осы.

Аталған әлеуметтік көмек бойынша қазіргі таңда қалада бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталған жоқ. Ол туралы алдын ала ақпараттандыру үшін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.

Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша  тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн.теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа  100 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаттары  берілген. 2021 жылы 416  отбасыға  370 млн. теңгеге берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін  қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылған.