ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биылғы жылдың қазан айынан бастап «Отбасы банк» АҚ-ы салымшыларына өтемақы төлеуді бастады. Шымкент қаласы бойынша биыл мұндай қаржылық сыйақыны  25 мың 686 тұрғын ала алады. 

– Клиенттерге ыңғайлы болу үшін біз бұл процесті онлайн режимінде жасадық. Өтініштерді 2022 жылдың 1 қазанынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарын қоса алғанда www.otbasybank.kz мекенжайы бойынша Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте беруге болады, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Филиал директорының айтуынша, өтемақы есептелгенге дейін депозитін сақтаған салымшыларға қаржылай сыйақы төленеді. Салымды бөлу арқылы ақша депозиттен ішінара алынған болса, онда өтемақы жинақталған салымның ең аз қалдығына есептеледі. Оның үстіне 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін салымға толықтырылған қаражат есепке алынбайды. Тиісті өтемақы сомасын 2022 жылдың 1 қазанынан бастап Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталындағы (www.otbasybank.kz) жеке кабинеттен білуге болады. Өтемақы сомасы оны қарау күні бойынша актуалды (салымшы орындайтын операцияларға байланысты өзгеруі мүмкін).

2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша Отбасы банкінде жалпы көлемі 1,6 трлн теңгеге 2,3 млн жинақ шоты болды. Бекітілген ережеге сәйкес, өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған салымшыларға ғана төленеді.

Шымкент қаласында  тұрғын үй сертификатын алуға ниетті 48 азаматтың өтінімі  мақұлданды.  Оның ішінде көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер  бар. Биыл мегаполисте тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті қазынадан 500 млн теңге қаржы бөлінген. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие  негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы », «5-10-20 Шаңырақ»  бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.  Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде  белгіленген.

Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар сондай ақ Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.