«ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары анықталды. Арнайы комиссияның шешімімен  «Мәдениет», «Еріктілік» және  «Медиа» бағыттары бойынша жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін 4 грант бөлінді. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден қаржы беріледі.

Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастырған жобаға Шымкент қаласында тұратын жасы 14-тен кіші емес және  29-дан үлкен емес 50 жас қатысты. Олар комиссия қарауына 12 жоба ұсынды. Грант иелерін анықтайтын комиссия құрамында Шымкент қаласы мәслихатаны депутаты, кәсіпкер Рәшкүл Жәлелқызы Оспаналиева, Шымкент қаласы мәслихатаның депутаты, журналист Талғат  Дүйсебайұлы Балтабаев, Шымкент «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы  Бижан Әбдіғаппарұлы Садібеков, Қарғабай Астана Алпысбайұлы, Байзақова Сабира, Исмайлов Сейдулла Кеңесбайұлы болды.

Комиссия мүшелерінің арасындағы талқылау сараптаудың нәтижесінде

«Мәдениет» бағытындағы грант  Калиев Салихтың  «Жігерлі жүрек» жобасына;

«Еріктілік» бағытындағы  2 грант  Жолдасбай Дияра мен Досымбетова Адеманың  «Қолайлы спорт алаң» жобасы, Ауғанбаев Темурдың  «Зиянды әдеттер» жобасына;

«Медиа» бағытындағы  грант  Нұрланұлы Елнұрдың «Mobi log» жобасына берілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша ережелері мен тұжырымдамасын бекітті. Осыған сәйкес,

«Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

«Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

«Медиа» – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін беріледі. Былтыр алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, үздік 30 жобаға 3 млн теңгеден грант берілген болатын.

Бүгінде еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтарының саны  3,8 миллион немесе ел халқының 20 пайызы осы буынның өкілдері.