Шымкент қаласында әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен ұмыт болған ұлттық дәстүрлер ұлықталып, айшықталуда. Осындай тағылымды шаралардың аясында шаһарда көнерген киіз басу ісі қайта қолға алынды. Шымқалада «Төрге жайдым – текемет» этнофестивалі өтті. Ұлттық шарада Қырғызыстан, Өзбекстаннан келген шеберлер тулаққа жүн сабап, текеметтің өздеріне тән түрін басып көрсетті. Ал, жергілікті қолөнер шеберлерінің жүннен жасалған бұйымдарынан көрме жасақталады.
Қазақ халқының қолөнері – сонау ескі заманнан жалғасын тауып, көшпенділер өмірімен біте қайнасып келе жатыр. Ол тек қана қазақ емес, сондай-ақ туысқан Орта Азия халықтарының қолөнерімен де ұштасып жатады. Ғасырлар бойы көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыстық бұйымдар, заман ағымына қарай қолданыстан шығып қалған еді. Енді «Текемет – fest» этнофестивалінің арқасында қайта жанданып, жаңаша көрініс тапты.
Текемет басу өнері тек қыз-келіншектердің ғана жұмысы емес, көпшілікпен бітер іс. Басылған текемет ер-жігіттердің қара күшінің арақасында ширай түседі. Саусақтың ұшымен ою салынған, білектің күшімен басылған текеметті жиналған қауым тепкіге алды. Нәтижесін қарасаң көз тоймайтын, тамаша туынды шықты.
Бүгінгі қызылды-жасылды, оюлы текеметтердің ажарын келтіретін он саусағынан өнері тамған шеберлердің туындысы тұрғындарды да таңқалдырды.
– Қолөнермен отбасымызбан айналысамыз. Бүгінгі заманға лайықтап, текеметті басудың жаңа технологиясын ендірдік. Ол үшін өзіміз арнайы құралдар жасағанбыз. Иненнің көмегімен сабын суға малынған жүнді бір-біріне кіріктіреміз. Ою-өрнектер де осылай салынады. Осы әдіспен текметтен бөлек үлкен композиция, панолар да әзірлеп жүрміз,-дейді қолөнер шебері Күләш Айдарбекова.
Шеберлердің бұйымдарына әсіресе шетелдіктер қатты қызығады екен. Өйткені киіз – таза табиғи өнім. Оның үстіне әрдайым үйдегі жылылықты сездіріп тұрады дейді олар.
Шет мемлекеттен келетін туристер легі табиғи материалдан жасалған бұйымды дұрыс көреді. Неге? Өйткені бұл физикалық тұрғыдан алып қарағанда табиғи өнім болғандықтан денсаулыққа пайдалы біріншіден. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ. Табиғи шикізат болғандықтан денеге де жағымды,-деген ойларын білдірді этнофестивалге қатысушылар.
«Текемет – fest» этнофестивалінің барысында, текеметтің тарихы мен түрлері, дамуы мен өңірлік ерекшеліктері, киіз басу технологиясындағы өзгешеліктер толық қамтылды. Ескі дәстүрге жаңаша дем берген бұл шараның басы мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, бүгінде қолданысқа енгізіп, келер ұрпаққа жеткізу болды.