ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН ЖӨН

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

«Апат айтып келмейді» демекші, төтенше жағдайдайға кезікпеймін деп ешкім де айта алмайды. Кейде адамдардың салғырттығы түрлі техногендік апаттарға соқтырып жатады. Сондықтан, бұл арада олардың алдын алу жұмыстарын жүргізу, әсіресе, жылыту маусымы басталар тұста зор маңызға ие. Өйткені, бұл кезең тілсіз жауға қатысты төтенше жағдайлардың қаупі артатын мезгіл.

Қазан айынан бастап Түркістан облысы Келес ауданында жылыту маусымы басталды. Сол себепті аудандық өрт сөндіру саласының мамандары мен «КазТрансГаз» мекемесінің өкілдері от жағу кезінде тілсіз жауды болдыртпаудың жолдарын тұрғындардың үйлеріне барып түсіндіруде. Өйткені жалпы халықтық сипатқа ие бұл маусым үлкен дайындықпен қатар жауапкершілікті қажет етеді. Жылу жайлы сөз болған жерде қауіпсіздік мәселесін сөз етпеу мүмкін емес. Себебі, жыл сайын дәл осы маусымда өрт қаупі өршеленіп, сәйкесінше тұрғындар арасында ыс тию жағдайлары да жиілеп кетеді.

Өткен жылғы жылу беру маусымында ауданда келеңсіз жағдай тіркелмегенімен облыс аумағында бірнеше факттер орын алды. Жалпы, мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлар әсіресе жеке тұрғын үйлердегі пештердің талапқа сай болмауынан орын алады екен. Атап айтқанда, пештегі сызаттар, түтін шығатын құбырдың дұрыс салынбауы, мұржалардың бітеліп қалуы секілді қарапайым қауіпсіздік талаптардың сақталмауынан әр жылда адам өлімі жиілеп кеткен. Қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында барлық елді мекендерде өрт қауіпсіздігі саласының қызметкерлері әр үйді аралап, тексеріс жұмыстарын тыңғылықты жүргізуде.