2023 жылы Шымкент қаласында үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілгелі отыр. Осы мақсатқа жету үшін 2021-2025 жылдар аралығында мегаполисте 101 мектеп салу жоспарланды. Биыл оның 20 мектебі пайдалануға берілді.
– Аймақта соңғы 5 жылда оқушылар саны 3 есеге артқан. Президентіміздің жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» болып табылды. Бұл бағытта да бізге үлкен қолдаулар танытылды. Әсіресе бірінші, төртінші сынып оқушылары Шымкент қаласындағы толығымен 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек балалардың амандығы, балалардың қауіпсіз ортада білім алуы үшін бейнебақылаумен, турникеттермен, дабыл кнопкаларымен және бірінші дәрежелі күзетпен қамту мәселесі 100 пайызға жүзеге асырылды,-дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Шаһарда жұмыссыздық мәселесін шешуге де ерекше басымдық беріліп отыр. Биыл 58 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Өткен 9 айда жоспарланған меженің 78 пайызы орындалған. Соңғы 1 жылда шаһардың жұмыссыздық көрсеткіші төмендегенін айтқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да кең өріс алатынын айтты.
-Былтырғы жылы жұмыссыздық бізде 5,1 пайыз болған, биыл 5,0 болып тұр индикаторымыз. Жастардың жұмыссыздығы былтырғы жылы 3,8 болса, қазіргі таңда 3,4 болып тұр. «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасының» орындалу барысы 100 пайыздан асты,-деді ол.
Шымкентте демографиялық өсім көз қуантады. Өңірде халық саны жыл сайын 8 пайызға көбейіп отыр. Қазір мегаполисте 1 миллион 200 мыңнан астам халық тұрады. Оның 22 пайызы жастар. Сондықтан да баспана мәселесі – жергілікті биліктің ерекше назарында. Шымкентте «Шымкент – Сити», «Тұран» шағынаудары бой көтеруде.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов:
-2020 жылы 533 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылса, былтырғы 2021 жылдың қорытындысымен 1 миллион 12 мың шаршы метр баспана салынды. Биылғы жылдың жоспары 1 миллион 70 мың шаршы метрді құрап отыр. Келесі жылғы көрсеткішіміз 1 млн. 200 мың шаршы метр болады. Яғни, соңғы 3 жылдағы статистиканы алып қараған кезде жалпы құрылыстағы, тұрғын үй саласындағы өте үлкен қарқынды байқауға болады,-деді.
Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы қала әкіміне әлеуметтік салаға ерекше басымдық беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салу қажеттігін тапсырды.