«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АТТЫ ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРУ АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Биылғы жылдың қыркүйек айында Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы басталғалы отыр.  Акцияны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары ұйымдастырады.

«Халық заңгері» республикалық акциясы Шымкент қаласында да өтеді. Шара мегаполисте биылғы жылдың   16 қыркүйегі күні жергілікті уақытпен сағат 16: 00-де басталады. Өтетін мекенжайы: Тәуке хан даңғылы, 5 (М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,басты корпус). Кіру тегін.

Жалпы республикалық акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету.

Іс-шара барысында кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және өзге де азаматтар бар. Акция форматының ауқымы мен географиясы  Қазақстанда ғана емес  әлемде де  өте үлкен.

Қазақстанда бүгінде «Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналған.  Іс-шараға қатысқан қарапайым қазақстандықтар өз алғыстарын білдіріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2016-2019 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзіретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 100 000-нан астам азамат кеңес алды»,-делінген Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Айта кету керек, елімізде пандемияға байланысты карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылған болатын. Ал, 2022 жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды.