ХАЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫНАН ЗОР ҮМІТ КҮТЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Осыны негізге алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын, соның арқасында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай туатынын, осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетінін айтты. Бұл бастаманы Шымкент қаласының жұртшылығы да қуана құптады.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы №106 мектеп мұғалімдерімен кездескен мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстар ауқымын баяндап берді. Қайнар бұлақ тұрғын алабында өткен жиында халық қалаулысы Президент Жолдауындағы бастамалар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаншалықты оң әсер ететінін айтты.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшері өсетінін жеткізді. «Еңбекақының нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатының басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді» деген еді. Алдағы уақытта зейнетақы жүйесі де қайта жаңғырады. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, жоғары шегі 120 пайызына жетеді. 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Демек, 2 миллионға жуық азаматтың табысы артады. Зейнетақы мөлшері көбейеді. Бұл әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың салқынын қымбатшылық арқылы сезіп отырған бұқараға көрсетілген қолдау, – деді Талғат Балтабаев.
Кездесуде сөз алған білім ұясының ұстаздары да Жолдаудан көп өзгерістен күтетінін және қолға алынған бастамалардың ел дамуы үшін аса маңызды қадам екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысының халыққа арнаған әр Жолдауын ықылас қойып тыңдаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамасынан зор үміт күтіп, әділетті, бірлігі бекем болған жаңа мемлекеттің қалыптасып жатқанына қуанамыз, – дейді №106 мектептің мұғалімі Зухра Дүйсенбекова.
Кездесуде Қайнар бұлақ тұрғын алабының инфрақұрылымын жақсарту, мектеп жанынан қосымша білім мен үйірмелер үшін ғимарат қажеттілігі, балабақша және демалыс аймақтарын салу мәселесі сөз болды.