«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ НЕГІЗ БОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 41 көпқабатты үйдің  ауласы абаттандырылып, жаңа келбетке ие болды. Балалар мен ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін аулаларға  ойын алаңшалары  жасақталды.

Биыл бұл бағыттағы жұмыстар екі кезең бойынша атқарылмақ. Бүгінгі таңда мегаполисте 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылуда. Жобаға “Базарқақпа” тұрғын алабы, Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласы да енген.  Қазір мұнда абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын алаңы және  жаттығу орны салынуда. Аула жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін толық аяқталатын болады.

Базарқақпа тұрғын алабында Сайрамсу өзені үстінен өтетін аспалы темір көпірдің құрылыс  жұмыстары да қарқынды жүруде.  Ол жеке инвестор есебінен салынып жатыр.  Көпірдің ұзындығы 18 метр, ал ені 5 метр. Айта кету керек, жаңа көпір жол кептелісін және жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл көпір тұрғындардың әрі-бері қатынауы үшін аса қажет.  Себебі, Еңбекші ауданындағы №12 қалалық аурухана мен Қаратау ауданына қарасты орталық аурухана ортасын байланыстырады.  Сондай-ақ,  басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға төте жол  болғалы тұр.

Еске сала кетсек, Сайрамсу өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары қаржы жинап,  өз күштерімен өткел салған. Жаяу жүргіншіге арналған аспалы темір көпір,  содан бері халыққа қызмет етіп келді.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы қоғамда ашықтық пен жариялылыққа жол ашу мақсатында қолға алынған болатын. Соның арқасында шаһардың әрбір тұрғыны  әкім аппараты құзыретіне кіретін салалалар бойынша талап-ұсыныстарын жіберу мүмкіндігіне ие болды.  Мәселен, аумақты көгалдандыру, аяқжолдарды жайластыру, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, т.б. мәселелер бойынша талап өтініштерін жеткізе алады. Ол үшін open-shymkent.kz арнайы интернет-ресурсына тіркелу қажет.