Шымкент қаласында №8 мектеп гимназиясының орнына салынып жатқан жаңа оқу корпусының құрылысы қайта жанданды. Құрылыс жоспарынан кешіккені үшін айыппұл арқалаған мердігер компания тапсырыс беруші тарапынан жасалған ескертулерден кейін қалыпты жұмыс ырғағына түсті.
Мектептің жаңа оқу ғимараты 1 мың 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық думан залы, спорт зал, 20-30 мың кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана қаралған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес 2023 жылы падалануға беріледі.
Оқушыларға үш тілде білім беретін М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ғимараты ең көне мектеп саналып келді. Білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Осыдан екі жыл бұрын мектептің кей аумағы мүлдем жарамсыз күйге түсіп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталған болатын. Жаңа оқу корпусы енді қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, балалардың еркін әрі алаңсыз білім алуына жол ашпақ. Білім ұясы 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген.
Сондай-ақ биыл Шымкент қаласы Түркістан көшесі бойында өрт сөндіру депосы жаңадан бой көтеруде.
-Тозығы жеткен ескі сәулет ғимараты қала тұрғындарына ұзақ жылдар қызмет еткенін білеміз. Аумағы 0,3319 га жерді алып жатқан сөндіру бөлімі мегаполистің орталық бөлігін қорғауға ыңғайлы. Сондықтан жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде осы ерекшелікке басты назар аудардық. Материалдық-техникалық базаны заман талабына сай жабдықтауға қолдау танытамыз,-деді құрылыс барысымен танысқан қала әкімі.
Жаңадан салынып жатқан депода әкімшілік ғимарат (АБК), 4 автомобильге арналған тұрақ, диспетчер кабинеті, демалыс бөлмесі, қарауыл кабинеті, асхана, себезгі бөлмесі, санитарлық тораптар, баспалдақтар, киім шешетін бөлме, жеңдік бөлім, директор кабинеті, директор орынбасарының кабинеті, мұрағат, бастық кабинеті, қабылдау бөлмесі, акт залы, қоймалар, ГТҚҚ (Газ-түтіннен қорғау қызметі) кабинеті, оқу сыныбы, кабинеттер, дәліздер қарастырылған.
Құрылысы осы жылдың маусым айында басталған нысан желтоқсанда пайдалануға берілуі жоспарланған. Құрылыс жұмысы толық аяқталғанда, қаладағы ең көне ғимараттарының бірінің орнынан №3 өрт сөндіру бөлімінің жаңа заманауи мекемесі бой түзейтін болады.