ШОЛУ: ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІР КҮНІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елді мекендерді кәріз жүйесімен қамту барысын тексеру мақсатында Ұлағат шағынауданына барды. Бүгінде шағынауданда  кәріз жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс бітсе, аумақтағы 2 248 абонент үшін бұл мәселе шешіледі. Құрылыс нысанын пайдалануға беру мерзімі 2022 жылдың қарашасына жоспарланған. Жұмысты «Алемстрой-1» мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.

Шағынаудан ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. 53 көшенің 31-іне асфальт төселген. 2022-2025 жылдар аралығанда 11 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.

Биыл шағынаудандарға кәріз жүйесін жеткізу үшін 14 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Оның 2-і магистралды кәріз коллекторы, біреуі кәріз сорғы станция (КНС) және 11 нысан елді мекендердің ішкі орамдық жүйесі. Жыл соңына дейін 6 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі.

ТАССАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Қала әкімінің келесі аялдаған тұсы, Қаратау ауданындағы Тассай тұрғын алабы  болды. Елдімекен ауыз су, мемлекеттік жүйедегі электр жарығы толық қамтылған. Қазір табиғи газ бен кәріз жүйесін тарту жұмыстары атқарылып жатыр.

Кәріз жүйесі жұмыстарын «Сарыағаш  Аман» ЖШС мекемесі атқаруда . Сметалық құжат бойынша, жүйенің жалпы ұзындығы 115,2 шақырым. Бүгінде 66,3 шақырымына құбыр тартылып, жұмыстың 62 пайызы орындалған.  Газбен қамту жұмыстарын «Ремстрой» ЖШС-і  жүргізуде. Нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ «МИРАСҚА» ДА КЕРЕК

«Мирас» шағынауданында 980 үй қоныстанған. Қазір онда 1 мектеп пен 6 балабақша орналасқан. Электр жарығы, ауыз су және табиғи газ бар аумақта биыл кәріз жүйесі мәселесі де шешіледі.

Жобаға сәйкес, ұзындығы 50,4 шақырым кәріз жүйесі салынып, ары қарай Шапағат-2 шағынауданына ұзартылады.

Бүгінде құрылыстың 38 пайызы орындалған. Қолданысқа беру мерзімі осы жылдың қарашасына жоспарланып отыр.

Құрылысын жүргізіп отырған «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС. Техникалық қадағалаушысы «Тұран құрылыс» мекемесі. Қалабасы бүгін бұл шағынауданға да келіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жалпы Шымкентте  14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңында 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы (КНС) және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың  тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр.

«AZALA TEXTILE» ФАРИКАСЫ ӨНДІРІС ҚУАТЫН ҰЛҒАЙТТЫ

«Қала күні» мерекесі қарсаңында «AZALA Textile» фабрикасы өндірісін кеңейтті. Өндірістік қуаттың ұлғаюына байланысты қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Салтанатты жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, кәсіпорынға табыс пен өркендеу тіледі.

–Баршаларыңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін шырайлы Шымкент қаласының күні қарсаңында «Azala Textile» фабрикасының тігін өндірісінің кеңейтілуіне байланысты салтанатты іс шараға қатысып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорын басшысына қаламыздың экономикасының дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, тағы да шын жүректен құттықтаймын, -деді қала әкімі.

«Azala Textile» ЖШС – Шымкент қаласындағы толық циклдегі жалғыз тоқыма комбинат. Тігін өндірісін кеңейту үшін фабрикаға  қосымша 200 млн. теңге инвестиция құйылып, 80 жуық тігін машинасы орнатылған.

Қазіргі таңда «Azala Textile» фабрикасы ҚДС (мемлекеттік қорғаныс тапсырысы) бойынша Қазақстан Республикасының әскери құрылымдарының киімдеріне арналған маталарды өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын.