ШЫМКЕНТТІКТЕР ҚЫСҚА ҚАМ ЖАСАУДА

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының коммуналдық сала жұмысшылары қысқы жылыту маусымына дайындық жұмысын жалғастыруда. Қазір олар Ақназархан мен Цемпоселок елді мекендеріндегі жүйелерді сығымдаудан өткізіп жатыр. Жалпы Еңбекші ауданының аумағында 630 көпақабатты тұрғын үй бар.  Оның 533-і орталық жылу жүйесіне қосылған. Бүгінгі таңға дейін олардың 127-де дайындық жұмыстары аяқталып, жүйелер қысқы маусымға сақадай  сай тұр.

Еңбекші ауданы бойынша жылу құбырларының ішкі жүйелерін сығымдау ісімен 9 компания айналысып жатыр. Жергілікті әкімдік тарапынан тұрғындарды осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға шақырудамыз. Ол үшін көпқабатты үй тұрғындары осы іспен айналысып жатқан компаниялармен келісімшартқа тұруы қажет.  Ал мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Олар жылу қабылдауға қазірдің өзінде толық дайын деп айтуға болады,-дейді Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Айтжан Пернебеков.

Жылы жүйелерін сығымдаудан өткізіп жатқан компаниялардың дені бұл іспен ұзақ жылдардан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі мекемелер. «Нұр Арыстан» ЖШС-нің слесары Борис Трач:

– Қазір біз көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесіндегі әрбір бұрандаларды тексеріп жатырмыз. Бұл қыстыгүні жүйелерде ақау шыққан кезде өте қажет. Ондай кезде жылу жүйесі бұзылған үйдің өзін ғана орталық құбырдан ажыратып, өзгелерге қолайсыздық туғызбаймыз. Одан бөлек әр пәтерге баратын негізгі құбырлар, батареялар да тексерілуде. Оларда сызат, жарықтардың болмауын жіті қараймыз. Жүйелер қыс кезіндегі жоғары қысымға шыдас беруі қажет,-дейді.  

Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары аймақ тұрғындарын  жылу жүйелері мен пәтер ішіндегі құбырларды тездетіп сығымдаудан өткізіп, тексеріп алуға шақыруда. Олардың айтуынша қыс маусымына дайындық жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс.