ШЫМКЕНТТІК АРДАГЕРЛЕР САЙЛАУДА ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгінгі кезектен тыс ҚР Президентінің сайлауында Шымкент қаласында бір отбасыдан тараған  төрт  буынның өкілдері сайлау учаскесіне  бірге келіп, өз таңдауын жасады. Ынтымағы мен ауыз біршілігі жарасқан әулеттің мүшелерін жасы 90-ға келген Дариға  әже өзі бастап келді. 

Әжесі, баласы, немересі мен шөбересі  ұрпақ сабақтастығының желісін үзбей еліміздің әрі қарайғы дамуына бағытталған саяси науқанда өз таңдауын жасады.  Жасы 90-ға таяған Дариға Жансейітова тыл еңбеккері. Онан кейін 40 жылдан астам уақыт мектепте ұстаздық етті. Санасы сергек ардагер ел болшағына қатысты шешім қабылданатын мұндай сәтте дауыс беруге қатысу әрбір азаматтың парызы деп біледі.

– Бүгінгі сайлау  елдігімізді айқындайтын, болашағымызды білдіретін үлкен маңызды шара. Осы сайлауға бір кісідей қатысудың өзі бірлігімізді, елдігімізді көрсетеді. Еліміздің болашағы үшін отбасымызбен дұрыс таңдау жасағанымызға сенімдімін. Келешегіміздің кемел болатынына нық сенемін,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Дариға Жансейтова.

Бүгін Шымкент қаласы бойынша 311 учаскеде дауыс беру жүріп жатыр. 631 мыңнан астам азамат сайлауда таңдау жасау құқығына ие болса, оның  87 мыңнан астамы  зейнет жасындағы азаматтар. 

Еліміздегі әрбір саяси өзгерістерге зор сеніммен қарайтын шымкенттік ардагерлер де көппен бірге өз таңдауын жасауда. Олар қазақ елiнiң көшiн өрге сүйреп, көп ұлтты халқымыздың арман-мүддесiне қызмет ететiн ел басшысын жаңылыспай таңдауды мақсат етеді. Олардың арасында жасы 97-ге келген Қапира Сәдуақасқызы да бар. Саналы ғұмырының 70 жылға жуығын ұстаздыққа арнаған тарихшы-ғалым бұл сайлау еліміздің саяси тұрғыда кемелденіп, тұрақты дамуына жол ашады деген сенімде.

Қапира Сәдуақасқызы «Сайлауға қатысу әр азаматтың парызы. Өйткені өзіміздің келешегіміз үшін қажетті қадам. Бүгінгі сайлау елдігімізді айқындайтын, болашағымызды білдіретін үлкен маңызды шара. Осы сайлауға бір кісідей қатысудың өзі бірлігімізді, елдігімізді көрсетеді» деген ойын жеткізді.

Бұл жолғы саяси науқанда Шымкенттегі 293 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бұрыштар жабдықталды. Олар тактильды жолақтар, аудио жазба трафареттар, лупалармен қамтамасыз етілген.

Саяси науқан кезіндегі белсенділік–халықтың қоғамдық құрылымға деген сенімінің белгісі. Мұны шымкенттік сайлаушылардың дәл қазіргі ынта-ықыласынан анық аңғаруға болады. Жұрттың көңіл күйі көтеріңкі. Учаскелерде концерттік бағдарламамалар ұйымдастырылған.

Қоғамдық көліктер  референдумға байланысты бүгін жұртты тегін тасымалдауда. Көпшілік осы жеңілдіктің арқасында діттеген жеріне ақысыз барып келіп-кетіп жатыр.