ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР «TOLEM» АРҚЫЛЫ ТЕГІН ТАМАҚТАНУДА

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында оқушылардың тегін тамақтану жүйесі «Төлем» картасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жүйе асханалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін білім ошақтарына енгізілген. 1-4 сынып оқушылары енді картаны қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеу үшін және тамақтану үшін қолдана алады.

«Төлем» картасын қолдану өте оңай. Ыстық тамақ алған әр оқушы терминал алқылы белгіленеді. Әр айдың соңында білім басқармасының мамандары асханадан қанша бала тамақтанғанын көріп біле алады. Осылайша, мемлекет қаржысына қанша бала нақты тамақ ішіп жүр, қаншасы пайдаланбады, егер жалған деректер енгізілген болса оны да анықтап нақтылауға мүмкіндік бар.

Бұған дейін күнделікті мектеп асханасынан тамақтанып жүрген оқушы 1-2 күн сабаққа келмей қалса, ол белгілене бермейтін. Қаржы бала тамақ ішсе де ішпесе де бөлініп отырған. Мұндай жағдайды болдырмау үшін «Төлем» жүйесі ұлттық білім беру мәліметтері қорымен де кіріктірілген. Онда мұғалімдердің мәліметі бойынша, оқушылардың ауырып қалған және мектепке келмеген күндері жазылып тұрады. Яғни, оқушы сырқаттанып қалса немесе асханаға келмесе, картасын басқа біреуге бере алмайды. Жүйе өткізбейді. Тамақтану үшін «Төлем» картасына алдын-ала ақша салудың қажеті жоқ.  Картаны «QazSmartTrans» ЖШС-не тапсырыс беру арқылы жасатуға болады.

Сонымен қатар, бұл жоба бала қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмаған. Себебі, ата-аналар карта арқылы перзентінің мектептке кіріп-шығуын қадағалап, қайда жүргенін бақылай алады.

Шымкент қаласы бойынша қазір 54 мектепте осындай терминал орнатылған. Жаңа жүйе бюджет қаражатын әлдеқайда үнемдеуг сеп болды. Себебі, оқушы сабаққа келмеген жағдайда, оған әзірленген тағам ысырап болмайды. Оның картасын ешкім қолдана алмайды. Алдағы уақытта жаңа жылдан соң, жүйе басқа да білім ошақтарына енгізіледі.