ШЫМКЕНТТЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы халық саны бүгінде 1 миллионнан асып отыр. Ресми статистика бойынша мегаполис халқы бір жылда жалпы 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады. Кешенді шаралардың арқасында қазір шаһарда азық-түлік қоры жеткілікті.  Азық-түлік түрлері бойынша ешқандай тапшылық жоқ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі аппараты ауылшаруашылығы ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров айтты. 

Бүгінгі таңда шаһарда тамақ өнеркәсібі саласында  бірнеше кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп келеді. Олар:  «Шымкент май» АҚ-ы, «Алтын Дән» ЖШС-і, «Барыс-2007» ЖШС-і, «Шымкент құс» ЖШС-і, «Шымкент сүт» ЖШС-і және тағы басқа осы секілді ірі кәсіпорындар. Осындай ірі зауыт-фабрикалардың  арқасында қала өз тұрғындарын ұн, макарон және күнбағыс майы, тауық жұмыртқасымен жүз пайызға қамтамасыз етіп отыр. Бірақ ескере кететін бір жәйт, ұн,  макарон өнімдері  Шымкентте шығарылғанмен  бидай шикізаты еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Сондықтан тамақ өнеркәсібінде шикізатқа деген тәуелділік бар,-деді басқарма басшысы.

Ал өзге мемлекеттерден және еліміздің өзге аймақтарынан сатып алынатын  азық-түлік түрлерін Шымкентке «Meir-Trade Dirstibution Company» ЖШС, «Прима Дистрибьюшн» ЖШС, «Асан» ЖШС тағы сол секілді ірі дистрибьютерлік желілері жеткізумен айналысады. Оның ішінде күріш, құмшекер, қарақұмық жармасы, ас тұзы тауарлары Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан әкелінеді.

– Алдағы жылдары жылына 200 мың тонна бройлер етін өндіретін құс фабрикасын салу жоспарда бар. Өйткені Шымкент қаласында фабрикалар мен шағын фермалар тұрғындардың  тауық етіне болған сұранысының тек 40 пайызын ғана өтей алады.Құс етінің қалған бөлігі  АҚШ, Белоруссия мемлекеттерінен және Алматы қаласы мен Түркістан облысынан әкелінеді. Сиыр еті бойынша да көрсеткіш осы төңіректе. Қара мал етінің 65 пайызын көрші Түркістан облысынан аламыз,- деген басқарма басшысы сүт және одан жасалатын өнімдерді  жергілікті жерде өндіруге   қолайлы жағдайлар жасалатынын  жеткізді.

Халықты бұл өнімдермен қамтасыз ету  үлесі қазір бар болғаны 10-15 пайыз шамасында. Қалған бөлігі Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, сондай-ақ еліміздегі Жамбыл, Түркістан және Павлодар облыстарынан тасымалданып келеді.