ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРҒА 857 ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы пәтерлер беру ісі қолға алынғанына биыл үшінші жыл. “Жастар жылына” орай қолға алынған игі бастама аясында биыл Шымкент қаласында 1 мың 605 баспананы сатып алу құқығынсыз, жалға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 857 пәтер жұмыс істейтін жастарға беріледі.
Бүгінгі таңда бұл тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, төңірегін абаттандыру және пәтерлерді инфрақұрылым жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң қалалық тұрғын үй басқармасында арнайы конкурс өтетін болады. Бұл туралы жастарды алдын ала құлағдар ету үшін барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарландыру жарияланады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылған жалдамалы пәтерлер тұрақты жұмыс істейтін, жасы 29 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз беріледі. Шымкент қаласында жалдамалы тұрғын үй беру бағдарламасы аясында 2020 жылы 904 азамат пәтер кілтіне ие болса, былтыр 300 жас жаңа қонысқа жайғасты.
Статистика бойынша, бүгінгі таңда елімізде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 4 миллионға жуықтайды. Оның 245 мыңы Елордада тұрса, 700 мыңы Алматы қаласында, ал 260 мыңы Шымкент шаһарында. Сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлерде жастар 5 жыл уақыт тұра алады. Ол үшін ай сайын 10-12 мың теңге төлейді. Мұндай жеңілдікке ие болғысы келетін жастардың тұрақты жұмыс орны және 40 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 110 мың теңге) кем емес табысы болуы шарт. Соның ішінде, жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын жастар да үй алуға үміткер бола алады. Әсіресе, жас отбасылар, нарықта неғұрлым сұранысқа ие 100 мамандықтың бірін меңгергендер, жас кәсіпкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттардың қатарына жатқызылып отыр.
Биылдан бастап жастарға арналған жалдамалы пәтерлер қолжетімді бола түспек. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 75 мың теңге мөлшерінде табыс көзін растау жеткілікті. Осылайша, жастардың жалға берілетін тұрғын үйлерді алу мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімедеді. Вице премьердің сөзінше 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 25 мың пәтер беру көзделіп отыр. Алдағы уақытта өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарда бар.