ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢАДАН ЕКІ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

          Шымкент қаласында тағы екі  индустриялық аймақ ашылып,  жұмыс істей бастайды. Қазір бұл  жобалардың бірінші кезеңінде атқарылуы тиіс жұмыстар аяқталып келеді. Қос индустриалды аймақ та 2023 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, инфрақұрылымы жүргізіліп жатқан «Жұлдыз» индустриалды аймағының аумағы 306 гектар.   Оған қазірдің өзінде инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Индустриалды аймақта 24 кәсіпорын жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі, сондай-ақ металлургия және фармацевтикалық өндіріс орындары ашылады.

Жұлдызға»  инфрақұрылым жүйелерін жүргізу ісі басталды. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 11,5 миллиард теңге  қаражат бөлінген.  Одан бөлек аймаққа 123 миллиард теңгенің  инвестициясы тартылды. Соның нәтижесінде   24 жоба жүзеге асырылуда. Ол дегеніміз 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны  құрылады деген сөз,-дейді  Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Тимур Дербіс.

Жаңадан бой тіктеп жатқан «Бозарық» агро-индустриалды аймағында да  құрылыс қарқын алған. Бұл жобаның жалпы құны  23 миллиард теңге. Межелі іс толық жүзеге асса  1 мың 500  адамға жұмыс табылады. 21 кәсіпорын іске қосылады.  Қазір мұнда ауыз су, кәріз  жүйесі мен электр желілерін тарту жұмысы  жүріп жатыр.

«Бозарық» агро-индустриалық аймағын құрудағы  басты мақсат қаламызда қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл жердегі көзделген нәрсе ет өңдеу, сүт өңдеу, бақша өнімдері өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыру.  Жариялық жұмыстары жүргізіледі. Кез-келген кәсіпорынға немесе кәсіпкерге ашықпыз, – деді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.

Индустриалды аймақтар санының артуы өндіріс пен кәсіпкерліктің өрістеуіне жол ашумен бірге мегаполисте мыңдаған жаңа жұмыс орнын жасақтауға  мүмкіндік бергелі отыр.

Шымкент қаласында сондай-ақ биыл бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асқалы жатыр. «KAZALPACK» компаниясы 23,4 миллиард теңгеге алюмин банкілерінің өндірісін іске қосады. Оған қоса 2023-2025 жылдар аралығында алюминий тақталары өндірісі ашылады.  Ірі жобалардың санатында «Karlskrona» компаниясы гидравликалық сорғылар  өндірісі де бар.   Бұл жерде  1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Биыл сондай-ақ өзбекстандық инвестордың қатысуымен   керамикалық тақтайшалар өндірісі  іске қосылмақ.  Бұл жерде 300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.