ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА АТШАБАР ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында жаңадан салынып жатқан атшабардың құрылысы  қарқынды жүріп жатыр. Межелі іс кестеге сай жүріп тұрса жаңа нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Құрылыс «BI Group» компаниясының есебінен жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда  жалпы аумағы 39 гектар болатын заманауи ипподромда көкпарға арналған алаң, конкур мен бәйгеге арналған арнайы жолақ, әкімшілік кеңселері мен 1 мың 500 көрерменге арналған трибуна қарастырылған. Сонымен қатар,  қыс маусымына арналған атқоралар мен жазғы ат тұрақтар,  ветеринарлық блок пен жем-шөпке арналған арнайы орын да бар. Жоба аясында барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін манеждің құрылысы да ескеріліпті.  Бұл туралы жоба жетекшісі Айдын Жакежанов айтып берді.

– Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтап, пайдалануға берілуі жоспарлануда. Әкімшілік ғимарат қаңқасы тұрғызылып, іргетасы қаланды (100 %). Трибунаның шатыры орнатылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жазғы атқора құрылысы 100 %-ға, қысқы атқораның құрылыс жұмыстары 80 %-ға аяқталды. Қазіргі уақытта, қысқы атқораның ішкі әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізілуде. Ал конкурс, көкпар, бәйге алаңы құрылысы – 90 %-ға (тегістеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы төсенішін төсеу жұмыстары жоспарлануда) орындалды. Ветеринарлық блоктың құрылысы 70 %-ға (нысан қабырғасы қаланып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде) аяқталса, инженерлік жүйе жұмыстары 30 %-ға орындалды. Қазіргі уақытта, жабық конкур манежінің құрылысы (жер жұмыстары, калонналырын тұрғызу жұмыстары аяқталып, ферма құрылысы басталды) жүргізілуде (25 %-ға орындалған),-деді Айдын Жакежанов.

Халықаралық стандарттарға сай жаңа атшабарда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың мұнда кіріп шығуы, келушілерге ешқандай кедергісін  келтірмейтін болады. Ал, ұлттық ойындарымыздың жанкүйерлеріне арнайы автотұрақ пен бөлек қақпа қарастырылған.

Құрылысы аяқталуға жақын қалған атшабарда, қыстық атқоралар мен жаздық тұрақтардың санын көбейтуге қосымша орындар да белгіленіпті. Сондай-ақ, түнгі жарық жүйесімен де толық қамтылмақ.

Спорттық инфрақұрылымның мейілінше жақсаруы бұқарлық спорттың дамуына кең жол ашпақ.  Осы мақсатта қазіргі уақытта кешенді жұмыстар қолға алынып, соның нәтижесінде  қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетті.

Ағымдағы жылы бюджет есебінен қалада 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.