Шымкент қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған 5 жылдық жоспарына сәйкес, жыл сайын 200 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Осыған байланысты биыл қаланың орталық көшелері мен шеткері жолдарды қосқанда 187 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде жалпы ұзындығы 350 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі.
Сондай-ақ мегаполисте ішкі орам көшелері де кезең-кезеңімен асфальттанып жатыр. Биыл Абай ауданы аумағындағы «Самал-3» шағын ауданының бірқатар көшелері орташа жөндеуден өтті. Тегістеліп, талапқа сай қалыпқа келтірілген Бауыржан Момышұлы, Құрманғазы, Қасым Қайсенов, Өскенбай және № 1,2,3,4 (тұйық) көшелерінің жалпы ұзындығы 2,06 шақырым. Шағын аудандағы бұл көшелердің барлығында тегістеу, нығыздау жұмыстары жүргізіліп, қалыңдығы 10 см болатын асфальт төселді.
Биыл әсіресе қаладағы ішкі орам көшелерін орташа жөндеуден өткізуге айырықша көңіл бөлінуде. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бекітілген жоспарға сәйкес 308 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осы жоспар аясында шаһардағы Ғани Ілияев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа келбетке ие болды. Жолдың үстінгі қабаты тегістеліп, нығыздау, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары атқарылды. Жол жиегіне веложол және жаяу жүргіншілер жолы да салынды. Дінмұхамед Қонаев және Бейбітшілік көшелерінің аралығындағы веложолдың ұзындығы 1 мың 990 метр. Ал, көшенің жөнделген бөлігінің ұзындығы 2,7 шақырым. Жол құрылысы 2021 жылы басталып, ағымдағы жылы шілде айында қабылданып, пайдалануға берілді.
Жол құрылысы бойынша биыл мұнан бөлек Шымкент қаласында ірі 5 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл учаскелерде де жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Дінмұхамед Қонаев даңғылы жалғасының үшінші кезеңі жұмыстары шілде айында аяқталды. «А-2» автомобиль жолының екінші кезеңіне қаралған жолайырық құрылысы жұмыстарының жартысы орындалса, «Самал-1, 2» және 3 шағын аудандандарында жаңадан ұзындығы 12,2 шақырым болатын жол салынып, ел игілігіне берілді. Дінмұхамед Қонаев даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық жұмысының да 90 пайызы аяқталып, қиылыстағы жолаушылар өткелін салу жұмыстары да біткелі тұр.
Жалпы, Шымкент қаласындағы жол құрылысы жұмыстарына қазіргі таңда барлығы 38 мердігер мекеме жұмылдырылған. Ал 61 көшедегі тиісті жұмысты жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.