ШЫМКЕНТТЕ СУРДЛИМПИАДАЛЫҚ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында  жазғы сурдлимпиадалық спорт ойындарының спартакиадасы басталды. Құлағы естімейтін кәсіби спортшылардың сайысы елімізде осымен үшінші рет жалауын көтерді. Жарыс қатысушылары бәсекеде спорттың 11 түрі бойынша күш сынасуда.

Хайратхаан Шонку – биыл Бразилияда өткен сурдлимпиада ойындарының чемпионы. Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан грек рим, еркін күреспен шұғылданып спортта биік белестерді бағындырып келеді.  

– Біз спорт арқылы адам баласының  қабілеті мен мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеп келеміз. Бұл тұрғыда мемлекет бізге үлкен қолдау көрсетуде. Осындай әрбір бәсеке біздің спорттық бабымызды шыңдап, әрі қарайғы жеңістерге құлшындыра түседі, – деді Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Хайратхаан Шонку.

Бұл жолғы спартакиадаға Хайратхаан секілді мыңға тарта спортшы қатысуда. Олар таэквандо, дзюдо, еркін күрес пен грек рим күресі бойынша татамиде өзара белдеседі. Қол күресінде білектілерді анықтап, суда жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі бойынша ептіліктерін сынға салмақ. Сондай-ақ, бадминтон, дойбы мен футбол ойнап, жарысады. Спартакиада 5 күнге созылады. Спортшылар 150 жүлдеге таласады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев спартакиаданың салтанатты ашылуына қатысып,  сурдлимпиадалық ойынның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға  марапат тапсырды.Өз ісінің шебері атанған жаттықтырушылар мен үздік спортшыларға төсбелгі мен мақтау қағазы берілді.

Сурлимпиада   қатысушыларына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Мемлекетіміз бойынша бүгінгі таңда 10 мыңнан астам спортшы спортпен кәсіби тұрғыда  түрімен айналысады.

Биылғы Сурлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары  28 медаль еншіледі. Оның үшеуі алтын, 7-еуі күміс. Осы әлемдік доданың жүлдегерлері қатарында шымкенттік спортшылар да бар. Еркін күрестен Рысалы Сабыржан  күмістен алқа тақса, Пернеш Шадияр бесінші орын алып, ел мерейін тасытты.