ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ТУР ӨТІП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
27 қыркүйек – халықаралық туризм күні. Атаулы күнге орай, Шымкент қаласы «Visit Shymkent» туристік орталығы Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдері туроператорларының және travel-блогерлерінің қатысуымен ақпараттық тур ұйымдастырды. Оған шетелдерден 25 азамат арнайы келді. Бұл туралы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында айтты. Ол:
– Бүгін – «Халықаралық туризм күні». Сол себепті, ақпараттық турымызды да осы күнге жоспарладық. Оған шет елдерден және Қазақстан қалаларынан жалпы саны 60-қа жуық қатысушы келген. Олардың қатарында туроператорлар, фотограф-видеографтар, travel-блогерлер мен журналистер бар. Біз бұл іс-шара арқылы Шымкентіміздің тарихын, мәдениеті мен туристік орындарын жан-жақты көрсетеміз. Қызығып, арнайы келіп жатқан туристерге алғыс білдіреміз, – деді ақпараттық турдың ашылуы салтанында сөйлеген сөзінде.
Ерлан Ермекұлы БАҚ өкілдеріне халықаралық туризм күніне орай өтіп жатқан ақпараттық тур жайлы айтып, жергілікті туристік бизнес өкілдерін айтулы күнмен құттықтап өтті.
«Visit Shymkent» туристік орталығы ұйымдастырған ақпараттық тур үш күнге созылды. Олар Шымкент пен қалаға жақын орналасқан тарихи, туристік орындармен, шаһар мәдениеті және гастрономиясымен танысуға мүмкіндік алды. Ақпарттық тур аясында қонақтар «Цитадель», Бәйдібек би ескерткіші, Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ, зообақ, қолөнер орталықтары, «Бозжыра» ұлттық тағамдар ресторанында болды. «OMG Kazakhstan» компаниясы ойлап тапқан үстел ойын көрді. «Shymshyk» деп аталатын бұл жоба отбасымен көңіл көтеріп, уақыт өткізу құралы. 6 адам бір мезетте ойнай алады. Кәдуілгі «Монополия» секілді, бірақ танымдық тұрғыда Шымкенттің барлық туристік нүктелерін қамтыған.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында туризмнің дамуына мейілінше қолайлы жағдай жасалып отыр. Оған шаһардың басты ерекшелігі саналатын қолайлы ауа райы мен климаты негіз. Жылына 300 күнге созылатын жылы әрі шуақты мезгіл түрлі шаралар мен мерекелерді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Шымкентте саяхатшыларды айырықша қызықтыратын архологиялық орындар мен тарихи кешендер көптеп саналады. 2200 жылдық тарихи бар шаһардағы «Цитадель» тарихи орны ортағасырлық тарихи мұра саналады. Мегаполис бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірі және бірнеше мемлекеттермен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Яғни, еліміздің Оңтүстігіне келетін туристер ең алдымен Шымкентке аялдайды.
Шымкент Қазақстан бойынша туристерді қабылдау рейтингінде 3-ші орында тұр. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша шаһарға келген қонақтардың саны 315 мыңнан асқан.