ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚТАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЛЕТІ ӨТУДЕ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін  Шымкент қаласында Орталық Азиядағы туристік ақпараттық орталықтардың халықаралық слеті басталды. Алғаш рет ұйымдастырылған басқосуға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан республикалары және еліміздің 7 аймағынан визит орталықтары келді. Аталған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қатысып, келген орталық өкілдеріне алғыс білдірді. Олар енді «Visit Kazakhstan» деген  ортақ атауға топтасып, шетелдік нарықта танылуға күш салмақ.

“Шымкент – оңтүстік өңірінің туристік орталығы. Қала маңына Ақсу Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы, Қасқасу, Біркөлік сынды табиғаты тамаша демалыс аймақтары мен киелі Түркістан жақын орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алатынын нақты айта аламыз. Осы ретте, Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасының кесенесі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқанын айта кеткен жөн.

Жалпы, әрбір турист — Шымкент үшін әлеуетті инвестор. Ал әрбір инвестор – турист. Қаланың әрбір тұрғыны – біздің қалаға турист тарту бойынша агент. Жалпы, 2022 жылдың I тоқсандық көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы Республика көлемінде 3 орынға жайғасқан”, – деген “Visit Shymkent” ТАО-ның басшысы Ерлан Умаров орталықтардың байланысын күшейту үшін біршама ұсыныс айтты. Ол өз сөзінде аймақтық визит оталықтар – шетелдік нарықта «Visit Kazakhstan» ортақ атауымен танылатынын ескеріп, осы атауға біріге отырып, ортақ мақсат аясында жұмылу қажеттігін айтып өтті.

Слетта жаңа туристік маршруттар әзірленіп, «Ұлы Жібек жолын» қайта жаңғырту  арқылы туристік ағынды көбейту жайы талқыланды. Осы мақсатта  Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің және өзге де  аймақтардың 5 туристік ұйыммен екі жақты келісімге қол қойылды. Халықаралық  шара екі күнге созылмақ. Ертең  слетқа жиылғандар  Шымкент қаласының көрікті орындары және тарихи нысандарына саяхат жасайтын болады.