ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсе жұмысын бастады. Орталықтың ашылу салтанатына  тәуелсіз директорлар кеңесінің мүшелері Зағипа Балиева мен Ерғали Бегімбетов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Сүйеніш Әбділдин, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

Цифрлық форматтағы кеңсе «Kaizen» тұжырымдамасы негізінде және шығыс әдістемесі бойынша жұмыс істейтін болады. Жаңа жүйенің артықшылығы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен жұмыстың өнімділігі артады.  Бөлімшенің тағы бір ерекшелігі, келушілер кеңседегі қызмет көрсету аймағын арнайы дизайнда жасалған түстер арқылы ажырата алады. Кеңседе операциялық залдың дәстүрлі қызметтері көрсетілетін бірнеше аймақ: зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылар мәселелеріне қатысты әлеуметтік қызметтер аймағы, тұрғындар қызметті 5 минут ішінде ала алатын экспресс-аймақ, сондай-ақ құжаттарды беру аймағы бар. Сондай-ақ, жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін де ұзын-сонар кезек күтіп, уақытыңызды жоғалпайсыз. Қас-қағым сәтте цифрлық қолтаңбасызақ тірлігініңізді тындырасыз.  Бұл әсіресе, ХҚК орталығының жұмысын жиі тұтынатын жандар үшін тиімді болмақ.

«Халыққа қызмет көрсету» цифрлық кеңселерінде түрлі қызмет аймағы қарастырылған. Олардың қатарында ресепшн, құжат беру, «жылдам» қызмет көрсететін аймағы, кеңес беру, өзіне – өзі қызмет көрсету секілді аймақтар бар. Осы орайда, құжатты қабылдау және оны тапсыру аймағында 40-жуық жұмыс орны қарастырылған. Цифрлық кеңседе 101 инспектор қызмет етеді.

– Басты міндетіміз – сапалы және қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету. Біздің алдымызда Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистерін жаңғырту бойынша үлкен міндет тұр. Біз халыққа жақын болуға ұмтыламыз, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын жақсарту және оңайлату бойынша іс-шаралар қабылдаймыз. Kaizen тұжырымдамасын еліміздің басқа да ХҚКО-ларына енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталығының  бөлімше басшысы Азамат Жанысбаев.   

Жалпы, Шымкент қаласында 10 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Оның үшеуі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары. Олар жыл басынан бері азаматтарға  900 мыңнан астам қызмет түрін  көрсеткен.  Тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы әрі қолжетімді ету мақсатында жасалып жатқан жұмыстар  әрі қарай да жалғасын таппақ.