Шымкент қаласының солтүсігінде бой түзеп келе жатқан Shymkent city шағын ауданы болашақта халықтың өмір сүруі, демалуы және іскерлік байланыстар үшін аса қолайлы орталыққа айналады.
427 гектар аумаққа созылып жатқан бұл ауданда конгресс-холл, Shymkent Arena спорт кешені, автосалон, университет, театр, физика-математика бағытындағы мектептер, ОКС education, Astana Garden School, BINOM бірегей инновациялық мектебі, Бәйдібек Towers бизнес орталығы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үй орамдары салынады.
Shymkent City-дің ең көрікті орталығы жасыл саябақ болмақ. Оның құрамына «шие бағы», «шынар аллеясы», «қарағайлы орман», «тал», «үйеңкі», «емен» аллеялары, «жеміс бағы» секілді аллеялар енеді. Маусымдық гүлдер мен мүсіндік композициялар, сондай-ақ әртүрлі жарық беруші элементтер қойылған «сәулелі бақшасы» бар гүл алаңдары пайда болады. Сәулетшілердің айтуынша саябақтың аумағында тақырыптық мүсіндер мен амфитеатры бар «Қызғалдақ» субұрқақ кешені орналасады. Мұнан бөлек орталық алаңға бақылау мұнарасын орнату жоспарланып отыр. Шағын ауданның тағы бір ерекшелігі арнайы велосипед және жүгіру жолы жасалмақ. Оларды бойлай электрондық көрсеткіштер мен ақпараттық стенділер, электр құрылғыларын зарядтауға арналған жабдық, Wi-fi, динамиктер мен күн батареялары бар смарт-шамдар, проекциялық жабдығы бар заманауи навигация жүйесі қойылады.
Аумағы 5 мың 240 гектар болатын заманауи конгресс-холл да жаңа ауданның сәулетті жарасқан басты нысандарының бірі болмақ. Бұл жерде туризм саласын дамытуға ықпал ететін қалалық ірі іс-шаралар, фестивальдар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Shymkent City-де тек тек көпқабатты тұрғын үйлер ғана салынады. Шағын аудан қаланың ең биік жері болғандықтан алыстан көз тартатын ғимараттары көп аймаққа айналғалы отыр. Үйлердің дені элиталық кешендер болғанымен құрылыс компаниялары тарапынан комфорт және стандарт класты үйлер де салу көзделіп отыр. Жаңа мөлтекауданның тұрғыны болғысы келетін азаматтар бұл баспаналарды ипотекалық бағдарламалар арқылы сатып алуына мүмкіндігі болады.
Бүгінгі таңда шағын ауданның инфрақұрылымы жүргізілген. Ішкі жолдар мен инженерлік желілер салынған. Енді жақын арада Қуаныш Төлеметов пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысында жол айырығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Нысан 2024-2025 жылдары аяқталатын болады. Бұл жаңа аудандағы өмірді одан сайын жайлы әрі тартымды ететін болады.