ШЫМКЕНТТЕ 1 МЫҢҒА ТАРТА СПОРТ НЫСАНЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Бұқаралық спорттың дамуы және спортпен шұғылданушылар қатарының көбеюі жаттығу алаңдарының санына тікелей байланысты. Шымкент қаласында бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта шаһарда спорттық нысандар саны 933-ке жетті.
Биыл бюджет есебінен қалада 3 және жеке инвесторлардың қаражатына 4 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оған қосымша тағы 38 спорт алаңшасы салынып, жуық арада пайдалануға берілмек.
Қазіргі таңда «Металлург» стадионын реконструкциялау аясында спортшылар үйінің құрылысы толық аяқталды. Ал үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда. Сонымен қатар әкімшілік ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. 1504 орындық көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын.
Спорт нысандарының жағдайын жақсартуға байланысты жұмыстар қаланың шалғай аймақтарында да қарқынды жүргізілуде. «Сайрам» тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша ғимаратының жертөле бөлігі салынып бітті. Үлкен спорт зал құрылысы қаңқасы көтеріліп, қабырғасы кірпішпен өрілуде. Инженерлік жүйелер құрылысы 70 пайыз, ішкі әрлеу жұмыстары 50 пайызға орындалып, аяқталуға таяды.
Сонымен бірге, қалалық №20 спорт мектебі ғимараты, үстел теннисіне арналған спорт нысанының және жаңа ипподромның құрылыстары кестеге сәйкес атқарылуда.
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласында негізгі 4 бағыт белгіленген. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 2022 жылы 396 мың 336 адамға жеткізу жоспарланған.
Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін биыл 51 пайызға (39 243 шаршы метр) жеткізу межеленген. Бүгінде жоспар 51,2 пайызға (39 513 шаршы метр) орындалды.
Сонымен қатар, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды (1861 адам), жастарды спортпен қамту (14-18 жас) нақты 45 мың 940 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды.