ШЫМКЕНТТЕ 155 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ  

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында биыл  80 көшеге орташа жөндеу жұмыстары істелінді. Олардың жалпы ұзындығы 155 шақырым болады. Сондай-ақ тамыз айының соңына дейін мегаполисте тағы 72 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталады. Оның  ішінде  Республика, Т. Рысқұлов, Ғ. Иляев, Ж. Тәшенов, Ақназар хан, К. Цеткина, Жолан батыр, М. Дулати, Мангелдин, К. Тоқаев атындағы орталық 10 көше бар.

Мұнан бөлек биылғы жылы Д. Қонаев даңғылын ұзартудың ІІІ кезеңі, Д. Қонаев және Т. Рысқұлов жолайырығының  құрылысы және «Самал-1, 2, 3» мөлтек аудандарындағы жол құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл нысандардың құрылысына жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтарып алу ісі  кедергі келтіруде. Мәселе көбіне сот арқылы шешілетіндіктен мердігерлер құрылыстың аяқталуы мерзімін кейінге шегеруге мәжбүр.  Құрылыс жолағына түсетін жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару ісі уақтылы  шешілсе, шығыс және оңтүстік айналма жолының құрылысын да биыл аяқтау жоспарда бар,-дейді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және  автомобиль жолдары басқармасының басшысы  Ержан Жолдасов.

Мегаполисте халық саны мен көлік нөпірінің көбеюіне байланысты көше қиылыстарына жолайырық салу  кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Бәйдібек би  және  Ұланбек Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайырық құрылысы аталған көшелердің көлік өткізгіштік қабілетін екі есеге артаттырмақ.

Жолайырықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда,-деді басқарма басшысы.

Үш деңгейлі жолайырықтың құрылысы екі жылға жоспарланған.  Құрылыс жұмыстарына байланысты биылғы жылдың 6 шілдесінен бастап Бәйдібек би көшесінде көлік қозғалысы тоқтады.  Ал ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап  Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылатын болады.