ШЫМКЕНТТЕ 6 ЕМХАНА МЕН 1 ПЕРЗЕНТХАНА САЛЫНАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 6 емхана мен 1 перзентхана салынатын болады. Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы бойынша  мегаполисте  атқарылып жатқан жұмыстар бойынша брифинг берген Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді. Қала тұрғындары  бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші мемлекеттік, ал отыз бірі жекеменшік.

– Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсет келеді. Ал  31 жекеменшік емхана қызметін  507 мың азамат пайдаланады.  Алайда, халық санының өсуіне байланысты 2025 жылға дейін қалаға тағы 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына қазір инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр, – деді қаланың бас дәрігері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деген болатын. Осыны негізге ала отырып,  ұлт денсаулығын жақсарту үшін  сегіз өңірде перинаталдық орталық салуды тапсырды. Соның бірі Шымкент қаласында бой түзейтін болады. Өйткені  Шымкент қаласы халқының 40 пайыздан астамы ерлер. Одан бөлек демограяилық өсім жоғары, балалардың тууы көп. Былтырғы жылы мегаполисте 34 мыңнан аса бала  дүние есігін ашқан. Ал биылғы жылдың  6 айының ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда шаһарда бір перинаталдық орталық және үш перзентқана жұмыс істейді.

Одан бөлек, Шымкент қаласында 315 төсектік балалар ауруханасы  да халыққа қызмет көрсетуде. Көп бейінді медициналық мекемеде  балалар арасындағы аурушаңдықпен күрес, олардың созылмалы сырқаттарын емдеуге және  шұғыл оталарды жасауға барлық жағдай жасалған.

Алайда, биыл денсаулық саласын қаржыландыру бойынша барлығы -3,348 миллиард  теңгенің  тапшылығы байқалып отыр. Оған елдегі қымбатшылық пен инфляцияның әсері бар. Биыл жеке инвесторлардын есебінен шаһардағы 4 медициналық ұйым жөндеуден өтті. Жергілікті бюджет арқылы екі аурханаға  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада шалғай елді мекендер көп. Алдағы уақытта оларды медициналық көмек көрсету орындарымен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Салада мамандардың біліктілігі мен тәжірибесін арттыруға де айырықша мән берілуде. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру  үшін биыл 87 грант бөлінді. Алдағы 3 жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Жыл соңына дейін 2 мың 932 медициналық қызметкер біліктілігін арттырмақ.