ШЫМКЕНТТЕ  83 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында  тұрғын үй кезегінде тұрған  83 отбасы жалдамалы пәтерге жайғасты.  Оның ішінде  халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы 55 жанұя,  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 13 бала, 15 көпбалалы отбасы жаңа әрі жайлы үйде қоныс тойын өткізді.  Бұл туралы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева азаматтарды қабылдау кезінде айтты.

Басқарма басшысының мәліметінше  бұл азаматтардан бөлек  биыл 164 отбасы да былтырғы жылы алуы тиіс болған баспаналарының кілтіне ие болды. Ескере кететін жәйт, жалдамалы пәтерге жайғасқан азаматтар  тұрғын үйлерін уақыт өте келе сатып ала алмайды. Ол баспанаға мұқтаж жандарға тек жалдамалы негізде ғана беріліп отыр.

Жалпы 2022 жылы Шымкент қаласында тұрғын үй кезегін күткен азаматтардың пайдалануына 1 мың 605 пәтер табыстау жоспарланған. Oның ішінде 54 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 476  көпбалалы отбасы, 2018 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын жанұя,  жұмыс істейтін 857 жас  осы жылы үйлі болады.   Бүгінде сол 1 мың 605 пәтердің 83-і түрлі санаттар бойынша кезегі келген азаматтарға берілді.  Қалған жалдамалы баспаналар жоспарға сәйкес жыл соңына дейін кезең-кезеңімен берілетін болады.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева  40-қа жуық азаматты жеке қабылдап, арыз өтініштерін тыңдады.  Олардың талаптарының заң аясында  шешу жолын қарастырып, түсіндіріп берді. Басқарма басшысының қабылдауында болғандарың арасында тұрғын үй кезегіне  тіркелген көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, сондай-ақ зейнеткерлер бар.

2022 жылы ел үкіметі тұрғын үй  кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға , жетім балаларға, көп балалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға   тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізді.

Сонымен қатар Шымкент қаласында жеңілдетілген  пайызбен берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін  соңғы жылдары қажетті жарнаның бір бөлігі ретінде  сертификат  беріліп келеді. Бұл да әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларды қолдауға бағытталған. Биылғы  жылы басқарма  арқылы тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті қазынадан 500 миллион теңге қарастырылып отыр.  Бұл қаржы 1 миллион теңгеден 500 отбасыға беріледі деген сөз.