ШЫМКЕНТ АСПАНЫ ТЫРАУЛАҒАН ТЫРНА ҮНІНЕ ТОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Биыл Оңтүстікке көктем ерте келді. Қаңтардың соңғы жартысынан бастап бәйшешек қауыз жара бастаған. Енді Шымқала аспаны тыраулаған тырна үніне толып тұр.

Соңғы апта ішінде топтары онша көп емес, 10-15 шақты ғана болып ұшып бара жатқан тырналарға қала тұрғындары таңырқай қарап жүр. Жыл құстарының қайтатын уақыты келіп қалды ма? Еліміздің оңтүстігіндегі құстардың білгірі орнитолог Мәлік Нүкісбековке осы сауалымызды қойғанымызда төменгідей жауап берді.

– Қазір Шымкент жаққа ұшып келе бастаған тырналар – Сұр тырна (Серый журавль, Grus grus) деген түр. Бұл түр көбімізге жақсы таныс тырнаның басқа түрі – Ақбас тырнадан (Журавль красавка, Anthropoides virgo) өзге. Сұр тырналар ақбас тырналарға қарағанда бойы аласа, топтарының қатары да аз болады. Және бір ерекшелігі, сұр тырналар кей жылдары Орта Азияны да қыстай беретіні бар. Биыл қыс жылы болды. Сондықтан, сұр тырналар Шымкенттен алысқа ұзай қоймауы да мүмкін. Құстар миграциясының бағытына қарай, оңтүстіктен ұшқан жыл құстары Шақпақ асуына келіп алып, Теріс-Ащыбұлақ суқоймасында аялдайтын әдеті бар. Қазір құстар көші Қаратау мен Алатау түйіскен маңайға топтасып жатқан болар. Алдағы уақытта белгілі болады,-дейді маман.

Айта кететін нәрсе, қазір Шымкент үстін тыраулаған үнге толтырып жүрген сұр тырна да, одан кейінірек келетін ақбас тырна да Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ерекше қорғалатын құстар қатарына жатады.

kyzmet-gazeti.kz