ШЫМКЕНТ ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНА ТҮСТІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласында болды. Президент жергілікті жұртшылықпен кездесіп, аймақтың өсіп өркендеуі және болшағы туралы айтты. Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын,-деді Президент шаһар тұрғындарымен кездесуінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына да барды. Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады. Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды. Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды.
Жалпы, Шымкент республикалық дербес қала мәртебесін алғалы бері оны дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінді. Шаһар экономикасына 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мегаполис мәртебесін алған жылдардың ішінде қала бюджеті 4 есе өсті. Қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артты. Аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды. Инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылған.