«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

 Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасындағы жастар лигасының ойындары аяқталды. Үш айға созылған бәсекеде шәкірттер  спорттың төрт түрі бойынша  сайысып, алтын ұя мектебінің намысын қорғады. Оған 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Жүзге тарта футбол командасы қатысқан спорт бәсекесінің финалдық ойыны Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтті.  Кәсіби ойыншылар секілді доп тепкен оқушылардың ойынын тамашалуға көрермен де көп жиналды. Аса тартысты өткен екі таймның қорытындысы 3:1. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп гимназиясының футбол командасы биылғы жылдың чемпионы атанды.

Оқушылар футболдан бөлек волейбол, баскетбол және шахмат сайыстарына қатысты. Спорттық жарыстарға 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт маманы төрелік етті.

         Жастар лигасына екі жылдан бері тек кәсіпкерлер демеушілік жасап келеді. Биыл спорттық ойындарға 80 млн. теңге жүлде тігілді. Лиганың жабылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов жеңімпаз 4 команданың әрқайсысына 20 миллион теңге мен кубок табыс етті. Шаһар басшысы балаларды жеңіспен құттықтады.

–«Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін. Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! – деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов.

Шымкент жастар лигасы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр оған 140 мектеп қатысқан болса, биыл олардың саны 151-ге жетті. Лига ойындары жас өрендерді жеңіске ұмтылдырып, табандылыққа баулыды. Ерік-жігерін шыңдай түсті.