«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ»  ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Шымкент жастар лигасы»  жобасының  үшінші маусымы басталды. Бұл жолғы сайыс бұрынғыдан да қыза түспек. Өйткені үшінші маусымда өздері оқитын мектептердің намысын 514 команда,  6 мыңға жуық спортшы қорғамақ. Олар биылғы оқу жылының соңына дейін спорттың төрт түрі: футбол, баскетбол, волейбол және шахмат бойынша бойынша сынға түседі. Әрбір команданың фан-клубтары құрылған.  Эмблемасы, команда атауы, слоганы, киім үлгісі дайындалған.

Үшінші маусымның ашылу салтанатында жарыс қатысушыларына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, депутаттар мен ұстаздар сәттілік тіледі. Және өткен маусымда жеңімпаз болған 4 командаға су жаңа автокөліктің кілті табыс етілді.

Жастар лигасына басталғалы бері оған тек кәсіпкерлер демеушілік жасап келеді. Өткен жылғы  спорттық ойындарға 80 миллион теңге жүлде тігілді. Ал биыл «Энергоорталық-3» АҚ-ы жеңімпаздарға су жаңа шағын автобустар бергелі отыр. Ол оқушылардың сабаққа уақытылы әрі қауіпсіз баруын қамтамасыз етеді.

«Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара. Жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, өз мектебінің абыройы мен беделі үшін барын салады Осылайша бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады.

Шымкент жастар лигасы осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы сында оған 140 мектеп қатысқан болса, былтыр  олардың саны 151-ге жетті. Жастар арасындағы жарыс үш ай көлемінде өтті. Лигада шахмат бойынша бірінші орынды №9 мектеп-лицейдің оқушылары, баскетболдан №8 мектеп-гимназиясының командасы жеңіп алды, ал №113 орта мектептің оқушылары волейболдан үздік атанды. Сондай-ақ былтыр Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп гмназиясының командасы футболдан чемпион болды.

Биыл «Шымкент жастар лигасында» 514 команда бақ сынағалы отыр. Лига ойындары жас өрендерді жеңіске ұмтылдырып, табандылыққа баулып,  ерік-жігерін шыңдай түспек.