ШЫМКЕНТ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДАН АЛДА ТҰР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биылғы  жылдың 5 айында  Шымкент қаласының экономикасына 130,9 миллиард теңге бағытталған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда  28,6% артық.  Осы көрсеткішпен Шымкент қаласы елімізде инвестиция тартудан көш басына орнықты.  Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров премьер  министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтты.

Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқында 2,5 пайыздық өсім барын негізге алды.  Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға артқан.  Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалалары, сондай-ақ Ақмола облысының үлесіне тиіп отыр.

Шымкентте  2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңге болатын  296 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқасында жаңадан  20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 65 инвестициялық жоба биылғы жылы жүзеге асырылады.  Нәтижесінде 2 мың 500 жұмыс орны құрылмақ.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті  қолдау картасы аясында биыл  мегаполисте 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асты. Соның арқасында  1 мың 43 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest»   фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.

Ал, инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы  тұрақты бақылауға алған.