ШЫМКЕНТ КӨШЕЛЕРІНЕ ТАҒЫ ҮШ ЖОЛАЙЫРЫҚ САЛЫНАДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында соңғы үш жылдың ішінде  600 шақырымнан астам жол салынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапасы қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 67 пайызға жеткен.  Ал биыл шаһардың жол құрылысы саласына қарайтын 190 нысанда жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда жоспарлы істің  85 пайызы орындалып, пайдаға берілді.

Биылғы жылы жол құрылысы шаһардың 190 нысанның екеуі  жолайрық құрылысы.  13 нысанда жаңа жолдар салу көзделген. Ал, 5 нысанда қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелерінің  167 жеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары аяқталды.

Күрделі жөндеу жасалып жатқан 3 нысандағы жұмыстарды биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.  Атап айтар болсақ, Ақжайық, Тассай, Азат, Нұртас шағын аудандары аумағындағы 17 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда, аталған нысандар қабылдануда. Сонымен қатар, Қошқар ата өзенінен өтетін Кремлёвская және Атасу көшелеріндегі 2 көпір күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, ел игілігіне берілді.

Бүгінгі күннің басты мәселесі болған, кептелісті азайту мақсатында   қалада жолайрық құрылысы қарқын алған-ды.  Осы орайда, былтырғы жылы Дінмұхамед Қонаев даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің қиылысында жолайрық  салынып, біршама көлік қозғалысы ретке келтірілді. Ал, биылғы жылы  Бәйдібек би даңғылы мен Ұланбек Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі  көлік жолайрығының құрылысы қолға алынып, жобаға сәйкес, төменгі деңгейде Ұланбек Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасуда.

2016 жылы жасалған сараптама бойынша  Бәйдібек би даңғылы арқылы көліктердің қозғалу жиілігі тәулігіне 24 мың көлік қатынайтыны, анықталған. Ал  2019 жылғы зерттеу кезінде бұл көрсеткіштің  33 мыңға көбейгені белгілі болды.  Ал, Ұланбек Арғынбеков көшесі бойынша алғашында тәулігіне 23 мыңға жуық автокөлік есептелсе, 2019 жылы 31 мыңға көбейгендігі байқалады. Жолайрық құрылысын пайдалануға берген жағдайда Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі тәулігіне 60 мың автокөлкке, ал Ұланбек  Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың автокөлкке артады деп күтілуде.

Шаһарда келешекте жолайырықтар саны тағы да көбеймек. Нұрсұлтан Назарбаев көшесі мен Бәйдібек би даңғылының  қиылысына, Қуаныш Төлеметов пен Бәйдібек би даңғылының түйіскен жеріне,  Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысына  жолайырық салу көзделуде. Сонымен қатар, А-2 автомагистральды жолы салынып үлкен жүк көліктерінің қаланы айналып өтуіне жағдай жасалмақшы.