ШЫМКЕНТ КӨШЕЛЕРІНЕ ТАҒЫ 200 «СЕРГЕК» КАМЕРАСЫ ҚОЙЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкентті қауіпсіз қалаға айналдыру  бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Жергілікті билік мәліметінше биыл шаһар көшелеріне тағы 200 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Олар адам көп жүретін, көлік жиі қытнайтын 50 жерге қойылады. Былтыр мегаполистегі бейнебақылау құралдары 800 камерамен толыққан  болатын. Олар 200 локацияға қойылды.

Жалпы бүгінгі таңда қала аумағында  284 бағдаршам нысаны бар. Қажеттілігі бар аймақтарға биылғы  жылы қосымша 12 бағдаршам қойылды. Сонымен қатар, қала көшелеріне жалпы 450 шақырым жол таңбалары сызылып, 4000 дана жол белгісі орнатылды. Келер жылғы жоспарға сәйкес, 15 аймаққа бағдаршам орнату жоспарлануда.

Қазіргі кезде Шымкент қаласы Жастар көшесіндегі жол жүрісі қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ҚР Жол жүрісі қағидаларының 1.16.1 (жасанды бұдырлық), 5.16.1-5.16.2 (жаяу жүргінші өткелі) жол белгілері орнатылуда. Сондай-ақ өткен аптада «Арғымақ» тұрғындарының да өтініші орындалды. «Шымкент-Ташкент» тас жолының бойында машиналар әрілі-берілі сапырылысып жататындықтан  жаяу жүргіншілерге төнетін қауіп сейілмей отыр.  Осыны ескеріп, «Южный Конкурент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шымкент-Ташкент бағытынан «Арғымақ» шағын ауданына кіру-шығу жол белгілерін және жол сызықтарын өзгертті.  Осы жұмыстардың нәтижесінде жолдағы қауіп сейілді.

Жалпы, Шымкент қаласына ең алғаш «Сергек» камерасы 2018 жылы Дінмұхамед Қонаев және Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысына қойылған болатын. Кейіннен қаладағы тағы 35 көше қиылысы осындай бейнебақылау құралдарымен жабдықталды. Бұл камералар  ереже бұзудың үш түрін анықтайды. Олар: жылдамдықты белгіленген шектен асыру, бағдаршамның қызыл түсі жанған кезде тоқтау сызығынан өтіп кету және екі үздіксіз жолақты басып өту, тиым салынған жерге автокөлік қою. Ақылды камералар  жол көлік  оқиғаларынан бөлек  ұрлық, тонау, бұзақылық және адам өлтіру секілді қылмыстарды ашуға да көмектесуде.

Осы камералардың арқасында Шымкент қаласындағы көлік жүргізушілері антирекорд жасады. Олар жол ережелерін жиі бұзғаны үшін енді 7 миллиард теңге айыппұл төлеуі тиіс. Автокөлік тізгіндегендер көбіне жылдамдықты шектен тыс асыруды әдетке айналдырған. Тіпті жолдың қарсы бағытымен жүретін, бағдаршамның қызыл түсін ерең қылмайтындар да бар. Айыппұлдың біраз бөлігі көлік жүргізіп келе жатып, телефонмен сөйлескендердің үлесінде. Жол ережесіне бағынбау фактілері автоматты бақылау құралдарының көмегімен анықталған.  Бүгінгі таңда Шымкент қаласы көшелеріне 1 мың 600-ден астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Соның арқасында жол көлік оқиғаларында адам өлімі 30 пайызға азайған. Есесіне жол ережесін бұзатындар саны 10 есе көбейіп отыр.