ШЫМКЕНТ КӨШЕЛЕРІНЕ 178 АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама орнатылатын болады. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов жарты жылда атқарған жұмыстарына байланысты өткізген баспасөз жиынында айтты.
Осы жоспарға сай шаһар аумағына бүгінгі таңға дейін 14 аялдама павильоны орнатылды. Бұл жұмыстар биылғы жылдың шілде айында басталды. Бұл жұмыстарды «Strong Servise» ЖШС-і және «Aicom» ЖШС-і атқаруда.
Басқарма басшысының айтуынша Шымкент қаласы бойынша 1 мың 886 аялдама орны бар. Оның 1 мың 336-на аялдама павильоны орнатылған, қалғаны аялдама белгілерімен тұр. Былтыр, 2021 жылды 670 қоғамдық көлік аялдамасына жаңа үлгідегі павильон салынды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаһарда биыл 11 жол қиылысына бағдаршам орнату, 13 жерге белсенді жаяу жүргіншілер өткелін жасақтау, 4 мың жол белгісін орналастыру және 300 шақырым жол таңбаларын сызу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жол сапасын тексеруге байланысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» және Шымкент қаласының әкімдігі арнайы келісім шарт бекітті. Соған сәйкес, көшелерге төселген асфальт қабатының тығыздығы орталық тарапынан тексеруден өтуде.
Биыл жыл басынан бері қаладағы 108 нысанға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 68 нысанда кемшіліктер мен ақаулар анықталған. Бұдан бөлек, жол құрылыс материалдарынан 368 сынама алынып, оның 241-нің нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды.
Айта кетейік, аймақтағы зертхана жылжымалы әрі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Орталық мамандары құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерге барып, қолданыстағы материалдардың сынамасының талапқа сай болуын тексеруіне мүмкіндігі бар.