Шымкент қаласында өткен «Шымкент марафон – 2022» спорттық іс-шарасына 4 мың 500 адам қатысты. Осымен 5-ші мәрте өткізілген жаппай жүргіру жарысында бұған дейін мұншама қатысушы болмаған. Сондай-ақ, бұл жолы желаяқтар жарысына қалалықтардан бөлек, өзге өңірлердің, тіпті шетелден келген азаматтар да қатысты.
Таңмен таласа оянып жүгіруге келгендердің арасында қала тұрғындары мен спортшылар, сондай-ақ, көрші Өзбекстанның және еліміздің өзге өңірлерінің желаяқтары бар. Қатысушылар алдымен 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, 10, 21, 42 шақырымдарды да еңсерді. Марафонға қатысушылар жарыста тек төбе көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салтын қолдайтындарын өз әрекеттерімен дәлелдеді. Олардың арасындағы ең жас қатысушы 10 жасар Бауыржан Бегалы болды.
– Жүгіру спортымен әуестеніп жүргеніме биыл үшінші жыл. Мұндай марафонда бірінші рет жүгірдім. 5 шақырым қашықтықтағы жарысқа қатыстым. Шаршамадым десем де болады, өзімді әлі де тың сезініп тұрмын-дейді ол.
Ал, марафонға қатысқандардың ішіндегі ең жасы үлкені 73-ті алқымдаған ақсақал Мұхаммедәлі Джуленбаев. Жас күнінен спортты жанына серік еткен ол, осыған дейінгі өткізілген марафондардан шет қалмағанын айтады.
-Біз кәсіби спортшы емеспіз ғой. Денсаулығым мықты болуы үшін ұзақ жылдардан беру жүгіруді серік етіп келемін. Бәрінен озып, мәреге алғашқы болып келмесе де өз мүмкіндігімді көпшілікке паш еттім деп ойлаймын,-деді қария.
Жарысқа қатысушыларға қала тұрғындарының қолдауы ерекше дем берді. Сондай-ақ, спорт сүйер қауымды биылғы марафонның қомақты жүлде қоры да қызықтырғаны сөзсіз. Жарыс жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға 11 миллион теңгенің жүлдесі мен сыйлықтары табысталды. Демеушілер тарапынан ойындар ойнатылды.
Жарыста барлық қауіпсіздік талаптары сақталған. Марафон Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда өз мәресіне жетті. 5, 10, 21 сонымен қатар, 42 шақырым бойынша және скандинавиялық жүрістен жеңімпаздар анықталды. Жалпы іс-шарада 700-ден астам волонтер қызмет көрсетті. Айта кетейік, биылғы жүгіру жарысы командалық топтармен ерекшеленіп отыр.