ШЫМКЕНТ: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін  Шымкентте 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант берудің, үшінші легінің комиссия отырысы басталды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын үміткерлер 12-23 қыркүйек аралығында арнайы комиссия құрамының алдында өз жобаларын қорғап шығуы тиіс. Алғашқы күні комиссия отырысына келгендер – 134 азамат. Олар кәсіпкерліктің түрлі бағыттары бойынша бизнес-жобаларын таныстырды.

Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық беруде.

Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 тг. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады. Ал, жалпы жыл соңына дейін 1150 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған.

АҚПАРАТ ҮШІН:

ГРАНТҚА ҚАЛАЙ ҚҰЖАТ ТАПСЫРУҒА БОЛАДЫ?

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

«Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Өтінім беру үшін қажет:

– Порталда тіркелу;

– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

«Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты Жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады», – делінген хабарламада.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:

– тіркелген жұмыссыздар;

– жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін);

– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

– мүгедектігі бар адамдар;

– қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

– өңіраралық қоныс аударушылар

– аз қамтылған отбасы мүшелері;

– көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

– жастар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.