ШЫРАЙЫ МЕН ӘЛЕУЕТІ АРТҚАН ШАҺАР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкенттің республикалық маңыздағы дербес қала мәртебесіне ие болғанына 4 жыл толды. Осы мерзім ішінде шаһардың өнеркәсіп әлеуеті 60 пайызға артып, халық саны 120 мың тұрынға көбейген. Қала күні мерекесіне орай  Шымкентте  «Шарықтай бер, Шымқалам» деп аталатын мерекелік кеш өтті.

2 мың 200 жылдық тарихқа ие Шымкент бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ саналады. Шаһар жастардың қаласына айналды. Бүгінде тұрғындарының орта жасы – 28.  Мегаполис атанған 4 жылдың ішінде қалада кәсіпкерлік субьектілері 30 пайызға артқан болса, олардың шығарған өнімдері биыл 1 триллион теңгеден асып жығылған.

– Шымкент қаласы  осыдан 4 жыл бұрын  республикалық қалаға айналды. Қазақстан Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі  өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қаламыздың екінші тынысы ашылып,  қала тұрғындары  қанаттанып қалды. Бұл сөзімді  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияға енген өзгерістер референдумында  қала тұрғындарының  72 пайыздан астамы қатысқаны  растап отыр. Шымкент қаласы соңғы 4 жыл ішінде  жаңа серпін алды,  қала халқының  болашаққа деген сенімі артты,-деді қала әкімі Мұрат Әйтенов мерекеде сөйлеген сөзінде.

4 жылда  қалада  2,6 миллион  шаршы метрден астам тұрғын үй салынды,  оның 1 миллионы былтыр,  бір жылда берілді.  Осы мерзім ішінде жаңадан 56 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Қала қазынасы 4 есеге көбейді. 4 жылда 51 мектеп, 191 спорт алаңы  бой түзеді.  Осының барлығы қаланың әлеуеті мен шырайын күн санап арттырып келеді.

Шымкент бүгінде мәдениет пен руханияттың да ордасына айналып келеді.          

         Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қатысқан концерт мерекенің көрігін қыздыра түсті. Кеш барысында шаһар тарихына қатысты сұрақтар қойылып, естеліктер айтылды.